«Сүйікті ісіммен айналысқанда шаршағанымды ұмытып кетемін»: 81 жастағы астаналық кәсіпкер әже құпиясын бөлісті

«Сүйікті ісіммен айналысқанда шаршағанымды ұмытып кетемін»: 81 жастағы астаналық кәсіпкер әже құпиясын бөлісті
Фото: Оңалхан Өнерхан

Сексен бір жастағы астаналық Бәтжан әже елорданың төрінен ателье ашып, тігіншілікпен айналысып отыр. Бұл жастағы қариялардың біразының жүріп-тұруының өзі қиындаған шақта кәсібін дөңгелетіп отырған еңбекқор әже астаналықтарды тәнті етіп келеді. Ісмер жан өзінің еңбекке деген қабілетін қарттық шағында қалай сақтап қалғанын Elordainfo.kz тілшісіне тарқатып айтып берді.

Шебердің айтуынша, бұл кәсіп дәлдік пен төзімділікті аса қажет етеді. Кейде іс тігу көздің майын тауысып, белің қайысып сағаттап отыруды талап етеді, десе де ол сүйікті ісімен айналысқанда мұның бәрін ұмытып кететінін айтады. Бәтжан әже қазір қыз жасауын тігуге қызу кірісіп кеткен. 

«Шаршамайтын адам болмайды ғой. Әрі менің жасымда қалай шаршамайсың?! Шаршайсың. Бірақ мен сүйікті ісіммен айналысқанда шаршағанымды ұмытып та кетем. Бірдеңе тігіп отырғанда басқа ештеңеге алаңдамайсың, алдыңдағы ісіңді ойлайсың ғой. Міне, қыз жасауын тігіп жатырмын. Оюларды өзім ойып, құрақ көрпенің әр қиығын есептеп құрастырамын, астарын тігемін. Интернеттен үлгілерді қарап отырамын. Соңғы кезде Гүлстан, Тұрсынхан деген тігіншілерді көріп жүрмін», - дейді тігінші.

Бәтжан Әлжанқызының бала кезінде үйренген өнері, осылайша, өмірлік ісіне айналған. Одан кейін заман ағысы, тұрмыс талабына қарай қаржыгер-есепшіліктен бастап басқа да кәсіппен айналысса да, тігіншілік өнерден еш қол үзбеген.

«Бір нәрсеге бір нәрсе себепші болады» дейді ғой. Тігіншілікті үйренуіме де сондай бір себеп болған. Мен 8 класс бітірдім. Қыз кезімде ән салып, концерт бергенді жақсы көретінмін. «Консерваторияға оқуға түсемін» деп армандайтынмын. Бірақ шешем «Өлең айтқанды қой. Ертең тұрмыс құрасың, бала-шағаң болады. Іс тігіп үйрен» деді. Ол кезде Астрахан ауданында Жарсуат совхозында тұрдық. Сосын мені сол ауданның орталығындағы қолғап, қалың шалбар, қалың күрте тігетін цехқа таныс туысымыз арқылы жұмысқа кіргізді. Сол жерден аяқпен басып отыратын тігін машинасын үйрендім. Мен «іс тігіп үйрендім, машина керек» дегесін әкем өзі қартайып отырса да, бәрі қат бола тұра, бір-екі ай біреудің малын бағып, қытайдың іс машинасын сатып әперді. Содан бастап іс тігуді тастаған емеспін», - дейді ол.

Кейіпкеріміз кейін оқу бітіріп, қаржыгер-есепші болып бақандай 30 жыл қызмет істейді. Зейнеткерлікке шығар алдында Екібастұзда үлкен комбинатта, одан кейін кооперативте еңбек етеді. Тоқырау жылдарында зейнет жасына жеткеніне қарамастан, ала дорбасын арқалап саудамен айналысады. Өйткені үйелмелі-сүйелмелі 5-6 баласын өсіріп, жеткізу қажет.

«Сол кезде «сенің келіншегің қаламнан басқа ауыр зат көтеріп көрмеген ғой, базарға шыға алмайды» деп жұбайыма таныстары айтады екен. Бірақ адамның басына іс түссе, бәрін де жасайды екен. Сатпаған затымыз жоқ. Ол кезде ұшақ арзан. Алматыдан зат тасимыз. Таңертең мініп, кешке қайтамыз. Одан соң мал да әкелдім, ет те саттық», - деген қажырлы ана кейін жұбайы қайтыс болса да, балаларын ешкімнен кем қылмай өсіргенін айтты.

Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен жылдарда ісмерлігінің де көп көмегі тиген. Киім-кешек түгілі, азық-түлік қат заманда балаларының киімін тігіп, жыртығын жамап, бүтіндеп беретін.

Зейнеткерлікке  шыққан соң балалары бірі оқуға, бірі жұмысқа, бірі тұрмыс құрып кетеді. Екібастұзда жалғыз қалған соң балалары шақырып, 12 жыл бұрын Астанаға қоныс аударады. Егде жасында елордадағы үйінде де, тігіншіліктен бөлек, дәмді ас пісіріп, айналасын тап-тұйнақтай жинастырып отыратын тазайындығынан айнымаған.

«Палау жасаймын, картоп қуырамын, бауырсағымды пісіремін. Үйге кісі келсе, ет асамын. Еттің нанын өзім ысамын. Ешқандай диета ұстамаймын. Қандай тамақ жегім келсе, соны жей беремін. Күніне 2 мың қадамнан кем жасамауға тырысамын. Көп ұйықтамаймын. Бос отырмаймын. Намаз оқимын, жылда ораза ұстаймын», - деген ол 80 жасында туристік лайнермен Умраға екі рет барып келгенін айтты. Одан басқа Каир, Кипр, Мекке, Мәдина, Египет, басқа да елдерде болған.

«Мұның барлығы Алланың берген қуатынан шығар» деп шүкірлігін айтқан қария өзі құралпы үлкен кісілерге ақыл-кеңесін де айтты.

«Өзім сияқты үлкен кісілер «басым ауырады, басқа жерім ауырады» деп көп айтады. Ауырса, ауыратын шығар. Өзімнің де қан қысымым көтерілетіні бар. Бірақ жата берсе де, адамды зіл-батпан баса береді. Өзіме де қыздарым «Мама, істемей-ақ қой, отыршы» дейді. Бірақ мен отыра алмаймын. Шама келсе, ми жұмысын, қимыл-қозғалысты тоқтатпаған дұрыс», - дейді ол.

Бәтжан әже өзінің қалай кәсіп ашқанын айтып берді.

«Үйде құр отыра алмаймын. Үйде отырсам да, оны-мұны тігіп отырамын. Қыздарым менің ісмерлікке жақын екенімді білгесін, «Мама, үйде отырғанша, жеке кәсіппен айналысып көресіз бе?» деп маған осы жерді ашып берді. Кенже қызым ісмерлікке жақын, бастапқыда қажетті затымды әкеліп, көмектесті. Әрі қарай өзім жалғастырып әкеттім. Міне, ателье ашылғалы 3 жыл болды. Жақын маңайдың бәрі мені біледі, келген кісінің шалбарын қысқартып, ұзартып, тағысын тағы қажеттерін істеп берем. Олар «Ой, апай, рақмет» десе, менің төбем көкке жеткендей болып қалады ғой. Маған ол күш-қуат береді», - дейді Бәтжан апай.

Ол күн сайын таңертең 9-да келіп, кешкі 6-ға дейін бел жазбай еңбек етеді. Үйі жақын жерде болғандықтан, түскі асқа да жаяу барып келеді. Бәтжан апайдың айтуынша, тапсырыс аса көп емес, десе де түсетін қаржы ательенің жалдау ақысын өтейді.

«Тұтынушылар ағылып келеді деп айта алмаймын, там-тұмдап келіп жатады. Көбіне адамдар киім-кешегінің балақ-жеңін қысқарту, ұзарту я тарылту, жамау үшін келеді. Қыз жасауын да істеп беремін. Дегенмен маған табыс маңызды емес. Осының өзі үлкен ермек әрі осы маңайдағы мені іздеп келген үлкен кісілермен әңгіме-дүкен құрып отырғанымның өзі бір ғанибет. Көрші-қолаң, ағайын-туыс құдажолы, тойға шақырып, кетіп қаламын. Мұндайда «кеше болмадыңыз ғой, қайда кеттіңіз?» деп іздеп жатады», - деп күлді ол. 

«Өмір – қозғалыс» деген қағиданы ұстанған Бәтжан Жамантықова – 19 немере мен сол шамалас шөберенің сүйікті әжесі ғана емес, 81 жасында өз ісімен көпке үлгі болып отырған кәсіпкер.