Зайсаннан Астанаға дейін: Тазалық сапарына шыққан ерлі-зайыпты 10 тонна қоқыс жинады

Зайсаннан Астанаға дейін: Тазалық сапарына шыққан ерлі-зайыпты 10 тонна қоқыс жинады
Фото: Қалиақбар Үсемханұлы

«Таза Қазақстан» бастамасына үн қосу мақсатында ШҚО тұрғындары ерлі-зайыпты Толқын Мұратбай мен Сетерхан Қабдешқызы Зайсан ауданынан елордаға дейін 1 300 шақырымдық жол бойындағы қоқысты теріп келген, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі Astana-akshamy.kz-ке сілтеме жасап.

Ерлі-зайыптылардың жастарды экологиялық ортаны қорғауға шақыру мақсатындағы бұл сапары 10 наурыз күні басталыпты. Ауа райының қолайсыздығына байланысты алғашқы күндері сәл аялдауға тура келген. Кейін таңғы сағат төрттен түнгі он бірге дейін тынымсыз еңбек еткен олар 11 күн бойы жол бойындағы қоқысты теріп, 21 наурыз күні түске қарай Астанаға жетті.

58 жастағы Толқын Мұратбай қарапайым еңбек адамы. Аздаған мал өсіріп, кейде қара жұмыс істеп, нәпақасып тауып, отбасын асырап отырған ол осыдан 20 жылдай бұрын Атажұртқа оралып, Зайсан өңіріне қоныс тепкен.

«Шетелден саяхаттай келген туристер көрінісі көз сүріндіретін көрікті жерлерімізде шашылып жатқан қоқысты көргенде еркісіз бас шайқап, шашылып жатқан қоқысты жинап тергенін талай көрдім. Бірде Зайсан ауданында жол жөндеу жұмыстарын істеп жүр едік, көліктен бір топ шетелдік келіп түсе қалды. Қайта-қайта фотоға түсіп, у-шу болғанынан-ақ біздің тұмса табиғатымызға тамсанып тұрғандары көрініп тұр. Алайда сол саяхатшылар жол жиегінде шашылып жатқан қоқысты көргенде, көңіл күйлері күрт өзгеріп, бір-біріне бір нәрсені көрсетіп, түсінбегендей ишара жасай бастады. Сол сәт менің жүрегіме қатты тиді. Кең-байтақ, сұлу даламыздың осындай бейқамдықтың салдарынан ластанып жатқаны намысыма тиді. Міне, дәл осы жағдай мені ойландырып, табиғатты тазарту ісіне өз үлесімді қосуға итермелеген негізгі себептердің бірі болды», – дейді Толқын Мұратбай.

Ол көлік жүргізе алмайтындықтан, бұл сапарда зайыбы Сетерхан Қабдешқызы серік болыпты. Екінші жағынан отағасының ас-суын дайындап, бар ауыртпалықты бірге көтеріскен. Ауыл ішінде ғана көлік жүргізіп жүрген Сетерхан Қабдешқызы мұндай ұзақ жолға шығып, үлкен қалаларға барып көрмегенін айтады. Дегенмен Семей қаласынан өткенде жол полициясының қызметкерлері арнайы жол бастап, шығарып салыпты.

Ерлі-зайыптылардың бұл бастамасына Зайсан ауданының басшылығы да қолдау көрсетіп, аудан аумағынан салтанатты түрде шығарып салыпты.

«Зайсан ауданынан шыққанда тұрғындар да қолдау көрсетіп, 12 шақырым жол бойынан бір «ГАЗель» қоқыс тердік. Ал одан бері қарайғы жолда терген қоқысты көлігіміздің жүк салғышына салып, қоқыс полигондарына жеткізіп отырдық. Жол бойы да бізге қолдау көрсетіп, сағаттап қоқыс теріскен азаматтар да, жиналған қоқысты көлікке сыйғыза алмай жатқанымызда өз көліктеріне салып, алып кеткен азаматтар да аз болды. Кейбір жолаушылар бізбен бірге бірнеше шақырым жүріп, қоқыс жинауға көмектесті. Әсіресе, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары «сіздердің бұл бастамаларыңыз жастарға үлгі» деп, бір топ жас еріктілермен бірге жарты күн жол бойынан қоқыс терісті», – дейді Толқын Мұратбай тағы бір сөзінде.

Оның сөзінше, жолға шығарда алып шыққан 50 келілік мың қап Астанаға жеткенде таусылыпты. Егер әр қапқа кемінде 10 келі қоқыс салынды десек, ерлі-зайыптылар 11 күннің ішінде шамамен 10 тонна қоқыс жинаған.

«Көлігіміз ескі, 1996 жылы шыққан. Біз тұратын Кеңсай ауылы мен Зайсанның арасы шамамен 12 шақырым ғана болса, көлігіміз кейде сол қысқа жолға да жетпей қалатын кездері болушы еді. Бірақ осы жолы көптің тілеуімен Астанаға дейін аман-есен жеттік. Жол бойы мүлде бұзылған жоқ. Тек дөңгелегіміздің қисаңдап келе жатқанын көрген азаматтар көлік жөндейтін жерге апарып жөндетіп берді. Ол үшін бізден ақша алмады», – деді Сетерхан Қабдешқызы.

Жолаушылар бұл сапарда қиындықтардың болғанын да жасырмады. Кей күндері шаршап, әлсіреген сәттері болғанын, қарлы боранда адасып кете жаздағандарын, тіпті, «мына қылықтарың не, естерің дұрыс па?» деп келемеждегендердің де болғанын еске алды.

«Таза Қазақстан» экологиялық науқанына үн қосқан ерлі-зайыптыларды Астана жұртшылығы да құшақ жая қарсы алды. Шапан жауып, құрмет көрсетті.

«Толқын мен Сетерханның бұл сапары – көпке үлгі болатын тағылымды іс. Бұл – нағыз отаншылдықтың, елге деген жанашырлықтың айқын көрінісі», – деді қарсы алған білікті дәрігер Жеңіс Қалиязымұлы.

1 300 шақырымдық жол бойын тазалап келген ерлі-зайыптылар енді Астанадағы көктемгі тазалық науқанына да қатысуды жоспарлап отырғандарын айтады.

«Елорда – еліміздің жүрегі. «Таза Қазақстан» аясындағы сапарымызды осында көпшілікпен бірге тазалық жұмыстарына қатысып түйіндесек дейміз. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе», – дейді олар.

Бұған дейін елімізде қалдықты өңдеудің барлық кезеңін мониторингілеудің цифрлық жүйесі енгізілетінін жазған едік.