Елімізде қалдықты өңдеудің барлық кезеңін мониторингілеудің цифрлық жүйесі енгізіледі
Бүгін, 30 наурыз – Халықаралық қалдықсыз күн. Осы күн аясында Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстанда қалдықтарды тұрақты басқаруға көшу және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында Экология және табиғи ресурстар министрлігі қалдықтарды басқару саласын жүйелі түрде реформалап жатыр.
Маңызды кезеңнің бірі - 2025 жылғы 31 желтоқсанда ҚР Үкіметінің қаулысымен 2026-2030 жылдарға арналған барлық қалдық түрін басқару тұжырымдамасы бекітілді. Бұл – құжат сала дамуының тұтас әрі кешенді моделін қалыптастыратын алғашқы стратегиялық құжат.
Реформаның негізгі элементі ретінде «Жасыл даму» АҚ базасында Ұлттық қалдықтарды басқару орталығын құру жоспарланып отыр. Жаңа орталық бүкіл жүйенің үйлестірушісі болып, ведомствоаралық өзара іс-қимылды, бірыңғай стандарттарды және ұлттық деңгейде бақылауды қамтамасыз етеді.
Негізгі бағыттың бірі қалдықтардың түзілуінен бастап кәдеге жаратылуына дейінгі барлық кезеңінде есепке алу мен мониторингтің цифрлық жүйесі енгізіледі. Бұл қалдық ағындарының ашықтығын қамтамасыз етуге, есептіліктің сенімділігін арттыруға және көлеңкелі айналымды азайта отырып мемлекеттік бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Тұжырымдама саладағы жинақталған проблемаларды шешуге бағытталған. Олардың қатарында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейінің төмендігі, қалдықтарды көму үлесінің басымдығы, инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы, сондай-ақ өндірістік және қауіпті қалдықтардың едәуір көлемінің жинақталуы бар.
Реформа аясында сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту, қайталама ресурстар нарығын қалыптастыру, тарихи жинақталған қалдықтар мәселесін шешу және қауіпті әрі медициналық қалдықтарға бақылауды күшейту көзделген.
Сонымен қатар, бұрын жүйелі инфрақұрылым болмаған ауылдық елді мекендерде қатты тұрмыстық қалдықты шығару қызметтерін кеңейтуге ерекше назар аударылады. Бұл ретте рұқсат етілмеген қоқыс орындарын азайтуға және өңірлердің экологиялық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Тұжырымдама қалдықтарды ресурс ретінде қарастыратын айналымды экономика моделіне көшуді де көздейді. Ол қайта өңдеуді және қайта пайдалануды ынталандыруды, инвестиция тартуды және заманауи кәдеге жарату технологияларын енгізуді қамтиды.
Ұсынылған шараларды іске асыру қалдықтарды басқарудың заманауи әрі ашық жүйесін қалыптастыруға, қайта өңдеу деңгейін арттыруға және экологиялық тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Қалдықтарды тұрақты басқаруға көшу және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту бағыттағы негізгі құралдардың бірі - EcoQolday бағдарламасы. Бағдарлама тиімді қалдықтарды жинау және қайта өңдеу жүйесін қалыптастыруға, сондай-ақ ел бойынша қайта өңдеуші кәсіпорындарды қолдауға бағытталған.