Қысы-жазы тынымсыз еңбек: жұмысынан рахат табатын қала тазалығының хас шебері

Қысы-жазы тынымсыз еңбек: жұмысынан рахат табатын қала тазалығының хас шебері
Фото: «Астана Тазалық» ЖШС

Елорда көшелерінің тазалығы – коммуналдық қызмет мамандарының күн сайынғы тынымсыз еңбегінің нәтижесі. «Астана Тазалық» кәсіпорнында қала тазалығына 10 жылдан астам тер төгіп жүрген еңбек адамының бірі Сүндет Қойбағаров үшін бұл – жай міндет емес, үйреншікті әрі сүйікті іс. Қысы-жазы қала көркін келтіруге үлес қосып жүрген ол тазалықтың бәріне ортақ жауапкершілік екенін айтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Сүндет Қойбағаров Арқалық қаласында туып-өскен. «Астана Тазалық» кәсіпорнында 2013 жылдан бері жұмыс істейді.

«Бұл жұмысқа ағам арқылы келгенмін. Бастапқы бір жыл слесарь болып істедім. Кейін машинист болып ауыстым. Содан бері арнайы техниканы тізгіндеп келемін.

Өзімді 10 жыл бұрынғы кезіммен салыстыратын болсам, әрине, едәуір айырмашылық бар. Мұнда алғаш жұмысқа кірген кезімде бойдақ едім. Осы «Астана Тазалықта» жұмыс істеп жүргенде отбасын құрып, баспаналы болдым. Балалы-шағалы болып, шүкір, өсіп-жетіліп келеміз», – дейді Сүндет Қуантайұлы.

Таңғы сағат 7.00-де тұрып, жұмысқа ертерек барып, тексерістен өткен соң қала тазалығына кіріседі. Еңбек адамының әр күні осылай басталады.

«Қыстың күндері жазғы уақытпен салыстырғанда, әсіресе, түнгі ауысымда жұмыстың сәл қиындау болатыны рас. Өйткені  қар тазалау, қалың қарды итеру, жолды сыпыру сияқты жұмыстар жүргізіледі. Жаз мезгілінде көшенің тазалығын қадағалаймыз. Арнайы техникамен көшелерді жуамыз. Алайда мен үшін жұмыстың еш қиындығы жоқ. Жұмыс істеп келе жатқаныма 10 жылдан асты. Бүгінде осы жұмыстың хас шеберімін деп айтуға болады. Мен үшін жұмыс жеңіл әрі үйреншікті сияқты. Әрине, жұмысқа шыққаннан соң өзіңді басқаша сезінесің. Жұмысымнан рахат аламын, жақсы көңіл күймен жүремін», – дейді Сүндет.

«Ердің атын еңбек шығарады» дегендей, ұзақ жылдар еселі еңбек етіп, жұмыстың көркін қыздырып жүрген Сүндет Қойбағаров коммуналдық қызмет мамандары арасындағы қалалық «Үздік жүргізуші» сайысында бірінші орынды иеленген.

Оның айтуынша, Астана тұрғындарының тазалыққа деген белсенділігі жоғары.

«Кейде шашылып жатқан жерлер болса, тазалық жұмысына өз бетінше көмектесіп кететін адамдар да кездеседі. Жалпы, қала тазалығына атсалысып жүрген азаматтар өте көп. Ондай адам қатары көбейе түссе, нұр үстіне нұр ғой», – дейді ол тағы бір сөзінде.

Сондай-ақ ол көлік жүргізушілеріне өзінің өтініш-тілегін де жолдады.

«Жеңіл көлік жүргізушілеріне айтар өтінішім бар. Жолда кетіп бара жатқанда темекі тұқылдарын, басқа да қоқыстарды лақтырмаса екен, осылайша, қаламыздың таза болуына үлес қосса екен деп тілеймін», – деді «Астана Тазалықта» машинисі.

Бұдан бұрын «Астана Тазалық» кәсіпорнының арнайы техника жүргізушісі Асылхан Талжановтың түнгі ауысымдағы жұмысы туралы жазған едік.