10.12.2025
RU
Мәзір

«Нағыз ерлердің ісі»: «Астана Тазалық» машинисі түнгі ауысымдағы жұмысын көрсетті (ФОТО)

|
«Нағыз ерлердің ісі»: «Астана Тазалық» машинисі түнгі ауысымдағы жұмысын көрсетті (ФОТО)
Фото: Нұрдәулет Кәкіш / Elordainfo.kz

Астана ақ ұлпаға оранып, қылышын сермеп қыс келісімен елорданың коммуналдық қызметі күшейтілген режимге көшті. Бұл ретте Elordainfo.kz тілшісі «Астана Тазалық» ЖШС мамандарының түнгі ауысымдағы жорығына бірге шықты.

Қаланың коммуналдық қызметі елорда көшелерін қардан күні-түні үздіксіз тазалайды. 12 сағаттан екі ауысымда жұмыс істейтін мамандар бір жұма таңнан кешке дейін, екінші апта түнгі ауысымда таңға дейін бірде-бір күн демалмай, еңбек етеді. «Астана Тазалық» ЖШС машинисі, яғни арнайы техника жүргізушісі Асылхан Талжановпен бірге оның түнгі ауысымдағы жұмыс барысымен таныстық.

Коммуналдық қызмет мамандары кешкі ауысымдағы жұмысқа сағат 20.00-де кіріседі. Ал оған дейін 19.00-ден бастап базаға келіп, кезекпен арнайы заманауи аппаратқа тест тапсырады. Онда қан қысымы, көз қысымы, алкогольдік ішімдік ішпегені – бәрі тексеріледі. Егер денсаулықта қандай да бар кінәрат анықталса, терапевтке жіберіліп, жұмысқа шығарылмауы да мүмкін. Себебі жұмыстың жауапкершілігі зор. Ұйқы да қанық болуы керек. Рульде әсте мүлт кетуге болмайды.

Күнделікті әдеттегі сынақтан сүрінбей өткен соң, Асылхан Талжановпен бірге түнгі жорыққа шықтық. Қардың қарбаласына кіріспес бұрын, алдымен жанармай бекетіне аялдадық. Бекетте арнайы техниканың багы толғанша 120 литр жанармай құйылды.

Атын ерттеген шабандоздай Асылхан арнайы техникасын бір айналып шыққан соң, атқа қондық. Бұл көліктің кабинасы жерден екі метрдей биік екен. Ауыр техниканың құлағында ойнайтын қырықтың сегізіне келген кейіпкеріміз еңгезердей көліктің кабинасына екі аттап, қарғып мінді.

Ол бұл жұмысқа 30 жасында келіпті. Содан бері 18 жыл 18 күндей өте шыққанын айтады. 2007 жылы жұмысқа орналасқан коммуналдық шаруашылық мекемесі 2008 жылы «Астана Тазалық» ЖШС болып қайта құрылған. Осы кәсіпорында жүріп, шаңырақ көтеріп, баспаналы болған. Бүгінде екі баланың әкесі, қала тазалығының қамын жеген жігіт ағасы дені сау болса, осы жұмысынан зейнеткерлікке дейін қол үзгісі келмейтінін жеткізді.

Айтуынша, бұл – нағыз ерлердің жұмысы. Себебі 11 сағат бойы ауыр техниканың рулінде тапжылмай отыру екінің бірінің қолынан келмейді. Оның үстіне шаһардағы кейбір жеңіл көлік жүргізушілері тазалық сақшыларының жолын кесіп, жұмысқа кедергі келтіретін көрінеді.

«Сондай көлік жүргізушілеріне өтініш-тілегім бар. Біз жолды сіздер үшін тазалаймыз. Сіздер де біздің жұмысымызға түсіністік танытып, сәл сабыр сақтап, кедергі келтірмесеңіздер екен», - деп Асылхан Талжанов барша елордалық көлік жүргізушісіне үндеу жолдады.

Бұдан бөлек жол үстіндегі кәріз құдықтарының қақпақтарына да аса сақтықпен қарамаса, болмайды екен. Өйткені кейбір құдықтың қақпағы биіктеу болса, ауыр техниканың күрегі оны бірге жапырып өте шығуы мүмкін. Ондайда техника күрегін сәл көтере қою керек болады. Ал қалың қар жауғанда кәріз құдықтары көріне бермейді. Жол үстінде сондай қақпақты байқаған қырағы маман күрегін бірден көтере қойды.

Сонымен колоннамен кетіп бара жатырмыз. Шамамен он шақты арнайы техника жолды күреп, щеткасымен қоса сыпырып, көшені айнадай етіп тазалап келеді. Бұл колоннаға елорданың «Сарайшық» ауданының аумағын тазалау міндеті жүктелген. «Қазақ елі» монументі жақтан бастап, «Нұрлы жол» вокзалы төңірегінен өтіп, тиісті учаскені бірнеше мәрте айналып келіп, аздаған үзіліске бір аялдады.

Сол сәтте ақ ұлпаға қарсы армияның сарбаздарымен аз-кем дидарласып үлгердік. Көше тазалайтын мамандар жұмысының стратегиялық маңызы зор екені айтпаса да түсінікті.

«Кеңсе қызметкерлері бір күн жұмысқа шықпай қалса, белгілі бір салаға ғана болмаса, жалпы халыққа оның кері әсері аз болуы мүмкін. Ал көше тазалайтындар бір күн жұмысқа шықпай қалса, не болатынын өзіңіз елестетіп көріңіз», - деді ауыр техника жүргізушісінің бірі.

Біздің жорығымыз осы жерден аяқталды. Тазалық сақшыларының еңбекқорлығына тәнті болдық. Оларға ақ жол тілеп, қимай шығарып салдық. Аппақ қарды боратқан колонна қаншама көліктің жолын ашуға аттанып бара жатыр. 

Астана әкімдігінің мәліметінше, сол түні елорданы қардан тазартуға 1000-нан аса арнайы техника мен шамамен 400 жол жұмысшысы жұмылдырылған болатын. Қар полигондарына 1338 рейс жасалып, қаладан шамамен 16 мың текше метр қар шығарылды.

Айта кетейік, 2024 жылдан бастап «Астана Тазалық» ұжымына Замир Сағынов басшылық етеді. Шамамен 2,5 мың адам еңбек ететін ұжым елорданың негізгі магистральдық көшелері мен оларға іргелес тротуарлардың тазалығына жауап береді. Бұл – қаланың жалпы аумағының 40 пайызына жуық, яғни ұзындығы 370 шақырым болатын 200-ден аса көше. Қыста күн сайын 700 жол жұмысшысы мен 350 техника қаланы қар мен мұздан тазартады.

«Астана Тазалық» заманауи техникалық базамен қамтамасыз етілген. Қазір кәсіпорынның қарамағында 400-ге жуық жоғары өнімді вакуумдық сыпырушы машиналар, тракторлар және жаңа буын көпфункционалды коммуналдық техника бар.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында осы кәсіпорында жұмыс істейтін еңбек адамдарына бірқатар жеңілдік қарастырылған. «Астана Тазалық» баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғын үй мәселесі де назардан тыс қалмай, өндірістік база жанындағы жатақхана жөндеуден өткізіліп, қайта жоспарланған соң, 80 төсек-орын және отбасылы қызметкерлерге арналған 10 пәтер қарастырылды. Сондай-ақ «Отбасы банкпен» бірлесіп, қызметкерлерге жеңілдетілген ипотекалық несие беру мүмкіндігі қаралуда.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Астана Тазалық» кәсіпорны өзінің цифрлық жаңалықтарын таныстырғанын жазған болатынбыз.

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗