Жол саласы мамандарының бірыңғай цифрлық қоры іске қосылды

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында автожол саласы мамандарының бірыңғай дерекқоры – JOLSHY іске қосылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Дерекқор jolshy.qazjolgzi.kz сілтемесі арқылы қолжетімді.
Көлік министрлігінің Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты әзірлеген жаңа цифрлық сервис кадр тапшылығын шешуге және саладағы басқару ашықтығын арттыруға бағытталған.
Дерекқор студенттер, түлектер, инженерлер мен басшылар туралы мәліметтерді біріктіреді. Онда мамандардың білімі, еңбек өтілі және біліктілікті арттыру курстарынан өтуі туралы ақпарат сақталады. Қазіргі таңда екі мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Жұмыс берушілер үміткердің нақты кәсіби профилін көре алады, ал студенттер тәжірибеден өтіп, мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.
2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап жол саласы қызметкерлері үшін біліктілікті міндетті түрде арттыру талабы енгізіледі. Бұл үдеріс те JOLSHY арқылы тіркеледі. Жақын арада дерекқор e-License және Enbek.kz жүйелерімен біріктірілмек.
Осылайша, JOLSHY мемлекеттік саясаттың тиімді құралына айналып, кадр тапшылығын жоюға, ашықтықты арттыруға және автожол саласы мамандарының кәсіби өсуіне жағдай жасайды.



