Еңбекқорлықты өмірлерінің ұстынына айналдырған елордалық Сәрсекеевтер отбасы

Еңбекқорлықты өмірлерінің ұстынына айналдырған елордалық Сәрсекеевтер отбасы
Фото: Сәрсекеевтер отбасының жеке архивінен

Биылғы Астана қаласы бойынша өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында үздік деп танылған отбасылардың бірі — Сәрсекеевтер әулеті. Қалалық тур бойынша «Байқоңыр» ауданың жеңімпазы атанған олар жарасқан бірлігімен, тынымсыз еңбекқорлығымен, дәстүр мен заманауилықты ұштастырған  өмір салтымен қазылар алқасын тәнті етті. Elordainfo.kz тілшісі Отбасы күніне орай осындай құндылықтарды бойына сіңірген Сәрсекеевтер отбасы туралы сөз қозғауды жөн көрді.  

«Алтын кездік қап түбінде жатпас» дегендей, өнегелі әулеттің шежіресі тереңнен бастау алады. Ал отбасылық тарихты қалыптастырған нар тұлғалар әлдеқашан ұрпақтарының санасына нұрлы сәуле құйып, адастырмас ізгі соқпақты салып тастаған. Десе де жаңа заман, жас астанамызда Сәрсекеевтер отбасының жұлдызы ерекше жарқырай түсті. Бұған өзі қонған жылы ұясы туралы астаналықтарға паш етуге асыққан осы шаңырақтың кенже келіні Алтын Сәрсекееваның құлшынысы себепші болған еді.   

Отбасы бұл байқауға алғаш рет 2018 жыл қатысты. Үшінші перзентін дүниеге әкелгеніне бар болғаны жиырма шақты күн толғанына қарамастан, Алтын жүгіріп жүріп «Мерейлі отбасы» байқауына қатысуға қажетті құжаттарды жинап тапсырады. Сол жылы жүлде бұйырмаса да, отбасы арнайы номинацияға ие болып, жобаның арнайы кітабына енген.

Арада алты жыл өткенде, байқауда тағы бір бақ сынап көруге бел буады. Бұл уақытта біраз нәрсе өзгереді: жас отбасының қасына Семейден ата-енесі көшіп келді, балалар өсіп, отбасылық кәсіптері өрге домалады. Жеке және іскерлік табыстары артып, жетістіктер тізбегі көбейді. 

«Алғаш байқауға қатысқаннан кейін бірер жылдан соң Семейден ата-енем Астанаға, қасымызға көшіп келді. Содан бері, ата-енем бар, қайын ағамның шаңырағы бар – бәріміз тату-тәтті бірге тұрамыз. Қайын ағам мен күйеуім екеуі қосылып жиһаз компаниясын ашты. Өзіміздің цехымызды сатып алдық. Компанияның атын өзім ойлап таптым. Қайын ағам Төлеген мен күйеуім Арнұрдың есімдерінің қосындысынан «Толар» деп қойдық. Әрі осы атаудың мағынасында «елордалық отбасылардың үйлері жиһазға, бақ-берекеге толсын» деген ниет те бар.  Цехта жиырма шақты жанұяға жұмыс беріп отырмыз. Ал кәсіпке қайын атам басшылық етіп, зейнеткер болса да, балалары бастаған іске бас-көз болып, жөн сілтеп отыр. Енем саналы ғұмырында дәрігер болған, бүгінде зейнетке шықса да, бұл сүйікті ісінен әлі де қол үзген жоқ.

Абысыным - «Қазақстан темір жолы» компаниясында белді маман, төрт баланың анасы. Қазір кенжесімен декреттік демалыста отыр. Тұңғыш ұлы Британ университетінде оқиды.

Ал біздің, күйеуім Арнұр екеуміздің үш перзентіміз бар. Үлкен ұлым 12 жаста болса, кенже қызым 6 жаста. Ұлдарым да, қызым да Binom мектебінде оқиды, әркез жоғары балл алып, өз жетістіктерімен бізді қуантып жүр. Ұл-қыздарым спортқа жақын, үлкен ұлым шорт-трекке қатысқан, жүзудің шебері. Ортаншы ұлым футболшы, кенже қызым ән айтқанды жақсы көреді, биге, сәнді көрсетілімдерге қатысады.

«Алтын, сен пысықсың ғой, неге «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатыспайсыңдар?» - деп маған ой, ұсыныс тастаған қайын апам Динара сот саласында жұмыс істейді. Ол да - үш бала тәрбиелеп отырған ана, бір әулеттің келіні», - дейді ол.

Алтын Сәрсекееваның өзі де - жаңа заман ағысының жалынан тартып, шығармашылық пен кәсіптің қазанында біте қайнасып жүрген жан. Ол 15 жылдай телеарнада продюсер болып жасады. 2010 жылдан бастап «Хабар» арнасында «Сонымен солай», «Қарақатпен шай», «Ана мен бала», «Таңғы хабар» сияқты неше түрлі бағдарламалардың тізгінін ұстап, продюссер болып, басқарды. Қазір ALTYN ATSHABAR атты продюсерлік орталығы бар және Jibek Joly арнасында продюсерлік атқарып, имиджмейкер болып жұмыс істейді. 

Осылайша шығармашылығы мен кәсібін дөңгелетіп, жеке дамуы мен бала тәрбиесін ұштастыра білген кейіпкеріміз өзінің бүкіл Семейге, тіпті исі қазаққа танымал әулеттің келіні екенін де бір сәт естен шығармайды. Үлкендерді қадірлеп, сәлем салып, кішілеріне тосын сый жасап қуантып, отбасылық басқосуларды үнемі мерекеге айналдырып жүргені...

«Жан жарым Арнұр екеумізді табыстырған – Астана. 2010 жылы жұмыс барысында танысып, кейін жарасымды жұпқа айналып, 2012 жылы шаңырақ көтердік. Өзім Алматыданмын, арғы тегім Тараздан. Жамбыл облысы Талас ауданында Тамабек деген ауыл өз атамның атымен аталған. Ол кезінде Ақкөл деген жерде әкімдік қызмет атқарған. Нағашы атам Сырым Түймебаев болса, ең жас Сыртқы сауда министрі болған, оның есімі де Алматыдағы бір көшеге берілген. Сондай-ақ Алматы облысында оның әкесінің есімімен аталған Түймебай ауылы бар. Ал келін болып түскен жерім - Семей облысына, тіпті бар қазаққа танымал Сәрсекеевтер отбасы», - дейді ол.

Ол тілге тиек еткен үлкен аталары Медеу Сәрсекеевті көзі қарақты қазақ біледі. Жазушы, зерттеушінің, әсіресе,  қазақтың ғалымдарының ішіндегі шоқжұлдызы Қаныш Сәтбаев туралы індете зерттегені елге мәлім. Медеу Сәрсекеев осы әулеттің отағасы Мәдениет Сапаұлының туған ағасы.

«Отағасы жеті ағайынды. Ең үлкен ағалары жазушы Медеу Сәрсекеев осыдан бір жыл бұрын 85 жасында дүниеден өтті. Қалған аға-апалары бар. Ал өзімнің әке-шешем - өмір бойы ұстаздық еткен жандар. Сегіз ағайындымыз. Жолдасым екеуміз де - Семей облысы Абыраалы ауданының тумаларымыз. Отағасы - құрылыс маманының инженері. Өзім дәрігер болып қызмет істедім. Екеуміз де  бүгінде зейнеткерміз. Жолдасым екеуміздің үш баламыз бар. Қызымыз, тұңғышымыз Динара сот саласында жұмыс істейді, одан кейінгі ұлымыз Төлегеннің мамандығы экономист, кенжеміз Арнұр инженер. Ұлдарымыз кәсіпкер, жеке компаниялары бар. Үш баламыздан бұйырған немерелеріміз өсіп жатыр. Алды институтта оқиды, кейінгісі 1,5 жаста. Бүгінде еңбегіміздің жемісін, ұрпағымыздың қызығын көріп отырған ата-анамыз», - дейді осы отбасының отанасы Әсия Сәрсекеева.

Әулеттің өмірбаянына көз салсақ, бұл отбасы мүшелерінің білімге құштар, еңбексүйгіш, талапшыл екені айтпаса да сайрап тұр. Үлкендер жас ұрпаққа өз үлгісімен тәлім-тәрбие бергені аңғарылады.

«Біздің отбасымыз қол қусырып отыруды қолдамайды. Әрдайым дамып, еңбек етуге үндейді. Өзім де еті тірі жан болғандықтан, тек үй шаруашылығымен шектеліп қалуды құптамаймын, өмірдің сан саласында жетістікке жетуге ұмтыламын және соған талмай еңбек етемін. Ниеті бар, жұмыс істеймін деген адамға жұмыс көп, табыс бар деп есептеймін. Ал бұған күйеуім де, ата-енем де қолбайлау болған емес, керісінше үнемі қолдап, шабыттандырып отырады. Өйткені жан жарым өте ақылды, техникалық және заңгерлік мамандықтарды қоса игерген, екі дипломды білгір маман, табысты кәсіпкер. Біз балаларымызды да осыған үйретеміз. Қатарының алды болып, жан-жақты білім алып, талмай жетістікке жетулеріне көмектесеміз», - дейді Алтын Сәрсекеева.

Әлбетте, Әл-Фарабише айтсақ, балаға білімнен бұрын тәрбие беру маңызды. Ал мұны Сәрсекеевтер отбасы жақсы ұғынған. Олар әркез ұл-қыздарын имандылыққа, адалдыққа, бауырмалдыққа тәрбиелеп келеді. Бұл отбасының бір ерекшелігі – әр астан соң шаңырақтың үлкендері кішілерге «денің сау болсын, жолың ашық болсын, үлкен азамат бол» деп бата береді екен.

Міне, осындай батаменен көгерген өрелі шаңырақтың өзара татулығы мен еңбекқорлығының бағаланғаны болар – Сәрсекеевтер биылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында жеңіске жетіп, үздіктердің қатарынан маңдайлары жарқырап көрінді.