Президент жұмысшы мамандықтар мәртебесін арттыру саясатын жүйелі жүргізіп келеді - Ерлан Қарин
Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Тelegram арнасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек культін ілгерілету, жұмысшы мамандықтар мәртебесін арттыру саясатын жүйелі әрі жоспарлы түрде жүргізіп келеді.
- Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады.
- Мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңадан 9 құрметті атақ қосылды: ғалымдар мен өнертапқыштар, инженерлер, архитекторлар мен құрылысшылар, кеншілер мен шахтерлер, геологтар, өнеркәсіп, көлік, су және аграрлық сала жұмысшылары үшін.
- Елімізде 63 кәсіби мереке аталып өтіледі, Еңбек күніне ерекше маңыз берілген.
- Жыл сайын еліміздің дамуына адал еңбегімен жеке үлесін қосып жүрген азаматтарға мемлекеттік наградалар тапсырылады.
- Республика күні қарсаңында Президент түрлі салалардың 500-ден астам жұмысшысын, еңбек әулеттерінің 138 өкілін, 200-ден астам ғалымдар мен педагогтерді, медицина қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
- Ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек ері» атағы көп жылдық еңбек өтілі бар әрі еңбек әулеттерінің өкілі саналатын механизатор М.Қаражұманов пен шахтер С.Чернобайға берілді», - деп жазды Е.Қарин.
