«Егемендік – ел болашағының бастауы»: Республика күніне орай елордада дөңгелек үстел өтті

Бүгін, 12:13
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views67
«Егемендік – ел болашағының бастауы»: Республика күніне орай елордада дөңгелек үстел өтті
Фото: ұйымдастырушылардан

Республика күніне орай елордадағы ҚР Ұлттық музейінің Ғылыми кітапхана залында Геральдикалық зерттеулер орталығының ұйымдастыруымен Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналған «Егемендік – ел болашағының бастауы» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Егемендіктің тарихи мәні мен құқықтық негіздерін кеңінен насихаттау, ұлттық рәміздердің идеологиялық әрі рухани маңызын айқындау және ел азаматтарының бойында патриоттық рухты нығайту мақсатында өткен іс-шараға қос палатаның депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Мониторинг және мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы Ибраим Бабаев Егемендік Декларациясының Қазақстан мемлекеттілігінің құқықтық негізін қалыптастырған тарихи шешім болғанын атап өтті. Сонымен қатар ол егемендік ұғымының ұлттық санамызда тәуелсіздікке ұмтылған халықтың асқақ арманын айқындайтын құндылық екенін және қазіргі ұрпақ үшін оның тарихи маңызы әрқашан биік екенін айтты.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков мемлекеттік рәміздердің жасалу тарихын баяндап, егемендік декларациясының қабылдануы ұлттық идеологияның рухани өзегіне айналғанын ерекше атап өтті.

«Республика күні – мен үшін өте қуанышты күн. Қазақстан – бақытты ел. Мемлекетіміз бүгінде әлемге танылды. Жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп, ауқымды жоба-жоспарлар жүзеге асырылуда. Ел дамуындағы оң өзгерістерге куәміз. Мұның бәрі іргелі бастамалардың нәтижесі. Ел мәртебесінің арта беретініне сенімдімін», - деді Жандарбек Мәлібекұлы.

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан құжаттың саяси-құқықтық салмағына тоқталып, оның Қазақстанды әлемдік қауымдастық мойындаған дербес мемлекет ретінде танылуына жол ашқанын айтты.

Сондай-ақ тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов егемендік декларациясының қабылдану кезеңіне шолу жасап, оның саяси құжат қана емес, ұлттық сананы оятқан азаматтық батылдықтың айқын көрінісі екенін жеткізді.

Тарихшы-ғалым, геральдист Айдын Рысбекұлы ұлттық геральдиканың даму жолы мен Егемендік Декларациясының идеологиялық маңызы туралы тың деректер ұсынып, рәміздердің ел бірлігін нығайтудағы рөлі туралы айтты.

Іс-шара барысында мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға және ұлттық құндылықтарды насихаттауға ерекше үлес қосқан тұлғалар марапатталды. Олардың кейбіріне Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.

Мәрлен Ғилымхан