Елде алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт салынады

Қазақстанда 216,3 млрд теңгеге алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт салынады, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елімізде ҚР Үкіметі атынан Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Carlsberg Central Asia» ЖШС арасында жасалған келісім шеңберінде алкогольсіз сусындар зауытының құрылысы басталады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Алматы облысының Іле ауданында халықаралық стандарттарға сай озық технологиялармен жабдықталған заманауи өндірістік кешен салынады.
Инвестициялардың жалпы көлемі 216 млрд теңгеден асады, ал кәсіпорынның қуаты жылына 340 млн литр алкогольсіз сусындар шығаруға негізделген. Жаңа зауыттың іске қосылуы Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені мен тамақ өнеркәсібінің дамуына, сондай-ақ экспорттық әлеуеттің артуына ықпал етеді.
Жоба отандық шикізат пен материалдарды пайдалану есебінен импортты алмастыруға және локализациялау деңгейін арттыруға бағытталған. Жоба шеңберінде 230-дан астам жаңа жұмыс орны ашылады, оның ішінде жұмыс күшінің кем дегенде 85%-ы Қазақстан азаматтары болады. Отандық кадрларды даярлау үшін арнайы оқыту және тағылымдамадан өту бағдарламалары әзірленген.
Өндіріс 2025–2040 жылдар аралығында бюджетке 43,5 млрд теңгеден астам қосымша кіріс әкеледі деп күтілуде.
Энергия үнемдеу технологияларын енгізу, суды ұтымды пайдалану және басқа да экологиялық аспектілерге ерекше назар аударылады.
Қазақстанның инвестициялық саясатына сәйкес, келісімде инвесторларға салықтық жеңілдіктер және оның қолданылу мерзімі аясында шарттардың тұрақтылығына кепілдік қарастырылған.
Жоба Қазақстан Үкіметі жанындағы Инвестициялық штаб тарапынан сүйемелденеді. Әкімшілік рәсімдерді жеделдету, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл ұйымдастыру, жобаның сәтті жүзеге асырылуын қамтамасыз етуде айтарлықтай көмек көрсетілді.
Сондай-ақ Инвестициялық штаб алаңында инвесторлар мен Үкімет арасындағы өзара міндеттемелер талқыланды. Ірі трансұлттық корпорацияларды тарту – Үкіметтің басым міндеттерінің бірі.



