«Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыда білім алуын жалғастырады

31 шілде, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
«Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыда білім алуын жалғастырады
Фото: Қаржылық мониторинг агенттігінен

Қазіргі таңда Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері нысанды қаланың қарамағына беру жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Тәрбиеленушілерге заманауи әрі қауіпсіз жағдай жасау мақсатында балалар үйінің ғимаратына кешенді қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр. Айта кетерлігі, бұл техникалық зерттеу, жобалау-сметалық құжаттама дайындау, мемлекеттік сараптамадан өткізіп, тиісті конкурстық рәсімдерден өткеннен кейін ғана келесі жылы басталады.

Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары кезінде балаларды уақытша орналастыру мәселесі қауіпсіздік талаптары мен қажетті тұрмыс жағдайын ескеріле отырып шешіледі. Балалар бірінен бірі бөлінбейді.

Тәрбиеленушілер Алматы қаласындағы қазір өздері оқып жүрген мектепте білім алуын жалғастырады.

Балалар үйінің ғимаратынан балаларды Қонаев қаласына көшіру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ, - делінген Алматы қаласы әкімдігінің ақпаратында.

Балалардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету Алматы қаласы әкімдігінің және Оқу-ағарту министрлігінің басты назарында. Балалардың оқуы мен тұрмыс жайы әрдайым жіті бақылауда болады.

Айта кетейік, бұған дейін Президент Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшін балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді және аталған нысанды қаланың балансына алуды тапсырған болатын.