Жазатайым оқиғалар өндірістік жабдықтардың тозуынан болып отыр – Шыңғыс Әрінов


Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Министрдің айтуынша, елімізде өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері 16 мыңға жуық нысан тексеріліп, 100 мыңнан астам заңбұзушылық анықталған.
«Жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру қаупін туғызатын өрескел бұзушылықтарға байланысты 7,5 мыңнан астам объектінің жұмысы тоқтатылды. Атап айтқанда, өртке қарсы автоматика жүйесінің болмауы немесе оның дұрыс жұмыс істемеуі, жұмысшыларды қызметке оқытып үйретпестен, нұсқаулық жүргізбей жіберу, эвакуациялық шығу жолдарына кедергі келтіріп бітеп тастау сияқты өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы салдарынан объектілердің 95%-і тоқтатылды», - деді ол.
Жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін министрлік тұрақты түрде өрт-тактикалық оқу-жаттығулар мен сабақтар ұйымдастырып тұрады.
«Жұмысшыларды құтқару дағдыларына және төтенше жағдайлар кезінде алғашқы медициналық көмек көрсете алуға үйретеміз. Бес айдың ішінде барлығы 4,5 мыңнан астам оқу-жаттығу мен сабақ өткізілді. Бұл тәжірибені әрі қарай жалғастыратын боламыз. Сонымен қатар, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуы салдарынан объектілерді тоқтату санының 4,5 есеге ұлғайғанын атап өткен жөн. Қауіпті өндірістік объектілерде анықталған бұзушылықтар көбінесе адам өліміне немесе жұмысшылардың жарақат алуына әкеп соғатын авариялардың, жазатайым оқиғалардың орын алуымен қатар жүреді, - деді министр.
Спикердің айтуынша, ағымдағы жылдың қаңтар мен мамыр аралығында мұнай-химия және тау-кен саласында 11 авария, сондай-ақ қазандық және газ шаруашылығы, өсімдік шикізатын өңдеу объектілерінде 60-тан астам оқиға тіркелді. 22 жұмысшы жарақат алып, 15 адам қайтыс болды.
Жазатайым оқиғалардың басты себебі – өндірістік жабдықтардың тозуы. Осыған байланысты министрлік қауіпті өндірістік нысан иелеріне жаңарту және техникалық қайта жабдықтау жоспарын жасап, оны міндетті түрде министрлікпен келісуді заңнамада бекіту туралы шешім қабылдаған.



