Астанадағы Есіл ауданында зейнеткерлерге арналған психологиялық тренинг өтті. Тренингті орталықтың психологы Күлбадам Кенженова жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Тренинг «Темперамент түрлері», психологиялық өзін-өзі тану дағдыларын дамыту, қарым-қатынасты және бірлескен жұмысты жақсарту тақырыптарына арналды.
«Темперамент – адамның табиғи ерекшелігі. Ол эмоциялық қабылдау мен мінез-құлықтың негізінде жатыр. Темпераменттің белгілі төрт түрі – холерик, сангвиник, флегматик және меланхолик өзгермейтін қасиет емес, керісінше, оны түсініп, қабылдау арқылы тиімді қарым-қатынас орнатуға болады. Бұл адамға өзін де, өзгелерді де жақсырақ түсінуге көмектеседі», деді орталықтың психолог маманы Күлбадам Бақбергенқызы.
Тренинг «Темперамент – бұл ерекшелік. Әр ерекшеліктің өз күші бар!» деген ұранмен өтті.
Тренинг барысында зейнеткерлер темперамент түрлерімен танысып, психологиялық тестілерден өтті. Қатысушылар өз мінез-құлқын жақсырақ сезініп, қоршаған ортамен тиімді қарым-қатынас орнатудың жолдарын үйренді.