Астанадағы №100 жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары жаз бойы өздері күтіп-баптаған бақшадан өнім жинады. Өсірілген көкөністер мектеп асханасына тапсырылып, оқушылардың тамақтану мәзірінде пайдаланылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында оқушылар мектеп аумағындағы бақшада көкөніс өсіріп, жаз бойы олардың күтімімен айналысқан.
Балалар ата-аналары мен педагогтердің көмегімен өсімдіктерді күтіп-баптап, өсуін бақылаған. Нәтижесінде бақшадан қызанақ, картоп, асқабақ және бұрыш жиналды.

Жиналған өнімдер мектеп асханасына тапсырылды. Олар алдағы уақытта оқушылардың тамақтану мәзірінде пайдаланылмақ.
Мектеп бақшасындағы жұмыс оқу үдерісімен де ұштастырылған. Оқушылар өсімдіктердің өсу ерекшеліктерін тәжірибе жүзінде бақылап, оларды күтіп-баптауды және еңбектің нәтижесін бағалауды үйренген.
Сонымен қатар мектеп аумағын абаттандыру және тазалық сақтау жұмыстары жүргізілді.
Министрліктің мәліметінше, мұндай тәжірибе балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, еңбекқорлық пен жауапкершілікке тәрбиелеуге және қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдысын дамытуға бағытталған.
Бұдан бұрын елорда балабақшасында «ЭкоLab» жобасы іске қосылғаны хабарланған еді.