Елордада футболдан республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті
Астанада 2015-2016 жылы дүниеге келген балалар мен жасөспірімдер арасындағы футболдан республикалық турнир ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
№8 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің жасыл алаңында өткізіліп жатқан бәсекеге 16 команда қатысып жатыр.
«3 жылдан бері турнирімізді дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. Балалар спортының мерекесіне ұйытқы болғаны үшін Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов, №8 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің басшысы Еркебұлан Алдабергеновке алғысымды білдіремін.
Осы санаттағы турнирдің маңызы жоғары. Біріншіден, жас футболшылар өзге қалада тәжірибесін арттырып, жаңа достар табады. Екіншіден, болашақта кәсіпқой футболды таңдайтындар үшін керемет тәжірибе болмақ. Бұйырса, осы балалардың арасынан ұлттық құраманың намысын абыроймен қорғайтын футболшылар шығады деп үміттенемін. Осының алдындағы додада «Фабрика футбола» командасы топ жарып еді. Енді қазіргі сәтте фавориттер қатарына «Ақсу» (Павлодар обл.), «Жас қыран» (Алматы қ.) кіріп тұр. Доп домалақ. Чемпион ертең анықталады», - деді «Фабрика футбола» футбол мектебінің директоры, жарыс ұйымдастырушысы Дәурен Иманқұлов.
20-22 желтоқсан күндері аралығында өтетін доп додасына «Фабрика футбола», СДЮШОР, FС Family, «Арлан», «Спартанс» (барлығы – Астана қ.), «Скаут» (Қарағанды), ДЮШС, RB Arman (екеуі де Павлодар облысы), «Елімай» (Абай облысы), «Триумф» (Қостанай обл.), «Алтай» (ШҚО), «Жас қыран» (Алматы қ.), «Оқжетпес» (Ақмола обл.) командаларының жас футболшылары арнайы келді.
Айта кетейік, «Фабрика футбола» футбол мектебі дәл осындай жарыстарды жылына үш мәрте ұйымдастырады.