Астанада батуттық гимнастикадан ел чемпионатына 170-ке жуық спортшы жиналды

Елордада батуттық гимнастикадан жас топтар арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жарыста еліміздің 9 өңірінен 170-ке жуық жас спортшы бас қосты. 27 тамызға дейін жалғасатын бәсекеде қатысушылар батутта, акробатикалық жолақта, қос мини-трампта жекелей бағдарлама бойынша және синхронды секірулер мен командалық жаттығуда жүлдені сарапқа салады.
«Ел чемпионатында 12 жас және одан төмен, 13-14 жас, 15-16 жас, 17-21 жас санаты бойынша бөлініп, мықтыны анықтайды. Біз бұған дейін наурыз айында Qazaqstan жеңіл атлетикалық кешенінде жастар арасындағы көпсайыс және жеке жаттығулар бойынша Қазақстан чемпионатын ұйымдастырған едік. Енді жаттығу залымыз саналатын «Думан» кешенінде айтулы доданы қабылдап жатырмыз. Ал Астана қаласының дейгейіне келетін болсақ, кейінгі жылдары қарқынды дамып келеді. Ересектер, жастар, жасөспірімдер арасында еліміздегі ең үздік үштікке кіріп отырмыз. Ал осы чемпионаттың арқасында 40-тай тәрбиеленушіміз бақтарын сынап, мол тәжірибе алады деген сенімдемін», - деді Астана қаласының аға жаттықтырушысы Ерлан Жеңісханов.
Дәл қазіргі сәтте Астанамызда осы спорт түріне 150-дей жан ден қойған. Ал №1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі жыл сайын 7 жастан бастап оқушыларды тұрақты түрде қабылдайды.
«Бала кезден дәл осы батутта секіру, ауада ұшу сәттері ұнап қалды. Міне содан бері 8 жылдай уақыт өтіпті. Осы аралықта Қазақстанда белді спортшылардың біріне айналып үлгердім. Астана төріндегі жарыс күзде Испанияда өтетін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына дайындық деп санасам болады. Өзімнің күнделікті жаттығу залымда ешқандай қобалжу болып жатқан жоқ. Таңертең қос мини-трампта іріктеу кезеңін бірінші орынмен аяқтадым. Енді батутта секіру сайысында өнер көрсетемін. Ал 25 тамызда финалдық сайыстар өтеді», - деп Астана қаласының спортшысы Бөлехан Арғын жарыс туралы пікірін білдірді.
Дәл осы спорт түрі елімізде аса танымал болмаса да, біртіндеп дамып келеді. Мысалы, осы күнге дейін Пирмаммад Алиев 2016 жылы Рио Олимпиадасы және 2024 жылы Даниил Мұсабаев Париж Олимпиадасына қатысып үлгерді. Сондай-ақ 2023 жылы ұлттық құраманың көшбасшылары Ханчжода өткен жазғы Азия ойындарында тарихи жүлдені жеңіп алған болатын.
Айта кетейік, жас топтар арасындағы чемпионаттың қорытындысы бойынша, батуттық гимнастикадан ұлттық құрама жасақталатын болады.



