«Саладағы ең жоғары жалақы біздікі» - құрылыс краншысы

«Саладағы ең жоғары жалақы біздікі» - құрылыс краншысы
Фото: Jibek Joly телеарнасы

Елімізде құрылыс саласында 640 мыңнан астам адам қызмет етсе, оның ішінде 5 мыңдай кран жүргізушілері бар. Солардың бірі Құралай Шәкенқызы – осы ауыр техниканың тілін меңгерген тәжірибелі маман, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Құрылыс саласында 20 жылдай уақыт еңбек етіп келе жатқан ол еліміздегі талай әлеуметтік маңызы бар нысандарды, зеңгір көкке ұмтылған зәулім ғимараттарды, сәнді де сапалы тұрғын үйлерді салуға толағай үлес қосты. Солайша шаһарлардың бой көтеріп, салтанаты арта түсуіне ерлермен қатар бел жазбай қызмет етіп, еңбегінің жемісін көріп келеді.

«Құрылыс саласына келген бойда 1 айдың ішінде оқып, үйреніп, жұмысқа кірісіп кеттім. Қауіпті жұмыс. Төзімділік пен қажырлықты талап етеді. Есесіне құрылыстағы ең жоғары еңбекақы осы краншыларда. Бұл салада еңбек етіп жатқаныма 20 жылдай уақыт болды. Талай ғимараттарды, тұрғын үйлерді тұрғыздық», - деді Құралай Шәкенқызы.

Құрылыс саласында көпжылдық еңбек өтілі бар краншы «Әр қазақтың басында бір-бір баспана болсын» деген мақсат үнемі өзі тәрізді құрылысшылардың жігерін жандырып, алдағы уақытта да еселі еңбек етуге құлшындыратынын айтты.