Шет елдерде 71 референдум учаскесі жұмыс істейді

Шет елдерде 71 референдум учаскесі жұмыс істейді
Фото: Орталық референдум комиссиясы

Референдум кезінде 54 елде орналасқан 71 референдум учаскесі жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Шет елдерде 14 380 қазақстандық дауыс береді.

«Әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне орай және азаматтарымыз аз болуына байланысты, 10 елдегі 11 учаске ашылмайды (Иран, Израиль, Иордания, Қатар, БАӘ (2 учаске), Оман, Ливан, Кувейт, Украина және Эфиопия)», - деді Арман Исетов.

Референдум учаскелерінде дауыс беру Астана уақытымен таңғы сағат 03:00-де Токио және Сеул қалаларында басталды. 08:00-ге дейін жалпы 23 референдум учаскесі ашылып, оларға 198 адам келіп дауыс берді.

Ең соңғы ашылып, жабылатын референдум учаскесі АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында орналасқан. Бұл учаске Астана уақытымен бүгін сағат 19:00-де ашылады және 16 наурызда сағат 08:00-де жабылады.