Астананы су тасқынынан қорғау: қорғаныс бөгеті реконструкцияланып жатыр

18 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Астананы су тасқынынан қорғау: қорғаныс бөгеті реконструкцияланып жатыр
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Астананың қорғаныс бөгетін реконструкциялау жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоба аясында елорданы су тасқынынан қорғау үшін қорғаныс бөгетін ұзарту, автоматты су ағызу құрылысын, су жеткізетін және су ағызатын каналдар салу жоспарланған.

Министрдің айтуынша, бұл жұмыстар тұрғын аудандарды, әлеуметтік нысандарды, көлік және инженерлік инфрақұрылымды су тасқыны қаупінен қорғауға бағытталған. Сондай-ақ жоба төтенше жағдайлардың туындау ықтималдығын азайтып, ірі су тасқыны кезінде қосымша қауіпсіздік резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бұдан кейін Нұржан Нұржігітов Преображенский гидроторабына барды. Мұнда Астананың қорғаныс бөгетін реконструкциялау жобасы аясында қосымша автоматты су ағызу құрылысын салуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта гидроторапта механикалық тазалау жұмыстары атқарылуда.

Министр Астана су қоймасының жағдайымен де танысты. Нысан құрылыстарын реконструкциялау және жаңғырту бойынша жобалау-сметалық құжат әзірленген. Қазіргі уақытта жоба «Мемсараптама» РМК-ның қарауында.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Астана су қоймасын тазалау жұмыстары жалғасып жатыр.

Жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысқан Нұржан Нұржігітов құрылыс-монтаждау және басқа да жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуын бақылауды тапсырды.

«Бүгінде Ақмола облысында жергілікті тұрғындар мен іргелес өңірлердің халқын су тасқыны мен оған байланысты қауіп-қатерлерден қорғауға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, қорғаныс бөгетін реконструкциялаумен қатар, Есіл контрреттегішін салуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар судың қосымша көлемін жинақтауға, сондай-ақ еріген қар суын қауіпсіз өткізуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты барлық дайындық және құрылыс-монтаждау жұмыстарының уақтылы әрі сапалы орындалуына толық бақылау орнату қажет», – деді министр.

Аталған жұмыстар елорданы және оған іргелес аумақтарды су тасқыны қаупінен қорғау шаралары аясында жүзеге асырылып жатыр.

Бұған дейін Қызылорда облысындағы 181 көл жүйесін сақтауға 880 млн текше метрден астам су жіберілгенін жаздық.