Соңғы жылдары некелер санының төмендеуіне не әсер еткені белгілі болды
Бүгін – Халықаралық отбасы күні. Осыған орай Ұлттық статистикалық бюросы соңғы 10 жыл ішінде қанша жұптың шаңырақ көтергені жөніндегі мәліметтерді ұсынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
2015 жылмен салыстырғанда 2025 жылы тіркелген некелер саны 148,8 мыңнан 116 мыңға дейін төмендеген. Осылайша, он жыл ішінде некелер саны шамамен 22 пайызға азайған. Сәйкесінше, некелесу коэффициенті де төмендеген. Егер 2015 жылы 1 000 адамға 8,48 неке тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5,69-ды құрады.
«Өңірлік бөліністе некелесу коэффициентінің ең жоғары деңгейі Астанада тіркелген - 1 000 адамға 6,75 неке. Ең төмен көрсеткіштер Қызылорда облысында - 5,06 және Батыс Қазақстан облысында - 5,1. Астанадағы жоғары некелесу коэффициенті жастардың жоғары көші-қон белсенділігімен және еңбекке қабілетті жастағы халықтың шоғырлануымен байланысты болуы мүмкін», делінеді хабарламада.
Айту керек, соңғы 20 жылдағы некелесудің ең жоғары көрсеткіші 2012 - 2013 жылдарға тиесілі, бұл мерзімде 1 000 адамға 9,8 - 9,9 неке тіркелген. Салыстырмалы түрде алғанда, 2005 жылы некелесу коэффициенті 8,12-ні құраған.
Некелер санының төмендеуіне әсер ететін факторлардың бірі – демографиялық толқын. 1980 жылдардың соңында туған саны көп ұрпақтан кейін 1990 жылдардың соңында туған ұрпақ неке жасына жетті. Сонымен қатар, қазақстандықтардың кеш үйлену үрдісі байқалады. Соңғы 10 жылда алғашқы некеге тұрудың орташа жасы ерлерде 0,7 жылға, әйелдерде 0,6 жылға ұлғайып, 2025 жылы тиісінше 27,9 және 25,3 жасты құраған.
Еске салсақ, елімізде бірінші тоқсанда 21 мыңнан астам жұп отау құрды.