Профилактика жол үстінде: «Заң мен тәртіп» акциясы Астана мен Ақмола облысын біріктірді
Елордада есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жолға шыққан «Заң мен тәртіп» пойызының бағыты аясында бірден екі өңірді — Астана қаласы мен Ақмола облысын қамтыған республикалық акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Акцияны ІІМ есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл комитеті Астана қаласы полиция департаментінің, көліктегі полиция департаментінің және «Жолаушылар тасымалы» АҚ қолдауымен ұйымдастырды. Акция Астана қаласында басталып, елорда тұрғындарын, сондай-ақ Астана — Бурабай бағыты бойынша қатынаған жолаушыларды қамтыды.
Алдын алу жұмыстары Ақмола облысында — Щучинск қаласы мен Бурабай стансасында жалғасты. Бұл жерде іс-шаралар білім беру ұйымдарының оқушылары мен өңірдегі ұйымдардың өкілдеріне арналды. Акция аясында пойыз есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған өзіндік мобильді алаңға айналды.

Жолаушылар мен өңір тұрғындары үшін ақпараттық және интерактивті алаңдар ұйымдастырылып, профилактикалық әңгімелер өткізілді, кинологиялық қызмет орталығының көрсетілімдік қойылымдары мен тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылды. Пойыз құрамында жол жүрген делегация бірқатар кездесу мен акциялар өткізді. Олардың негізгі мақсаты — саналы таңдау жасауға және есірткіден бас тартуға шақыру болды. Акция барысында ішкі істер министрлігінің қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қолданатын заманауи технологияларына да ерекше назар аударылды.
Іс-шараға қатысушыларға ішкі істер органдарының қару-жарақ құрамында тұрған робот-ит, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының жарқын нышандарының біріне айналған «Заң мен тәртіп» маскоты таныстырылды.
Пойыздың безендірілуінде профилактикалық сипаттағы ақпараттар орналастырылған. Олардың қатарында азаматтар көмек немесе кеңес алу үшін жүгіне алатын, сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымына қатысты фактілер туралы хабарлай алатын қызметтердің байланыс деректері бар.