Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия президентін Қазақстанға шақырды
Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтудың мән-маңызына тоқталып, Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысқаны үшін моңғол спортшыларына алғыс айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан моңғол студенттері үшін квота санын ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ екі ел ғалымдарын ортақ бай тарихи мұрамызды бірлесе зерттеуге шақырды.
Президент экологиялық, тарихи, этнографиялық және экономикалық туризм бағыттарында бірлесе жұмыс істеуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.
«Қазақстандық туроператорлар моңғол туристеріне Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан ежелгі Түркістан қаласын таныстыра алады. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның мазары тұрған Ұлытау облысын және басқа да туристік орындарды көрсетуге болады. Сондай-ақ біз Моңғолиямен Алтай туризм кластерін дамытуға және ортақ туристік бағыттарды қалыптастыруға мүдделіміз», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президентін келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.