00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Астана жастарға жаңа идеялар мен шабыт сыйлайды – депутат

9 желтоқсан, 2024
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Астана жастарға жаңа идеялар мен шабыт сыйлайды – депутат
Фото-коллаж: Elordainfo.kz

Осыдан 27 жыл бұрын, 1997 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан астанасын Алматыдан Ақмолаға ресми көшіру жүзеге асты. Елорданы Алматыдан Астанаға ауыстыру - еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі маңызды шешімдердің бірі. Бұл қадам Қазақстанның жаңа келбетін қалыптастыруға, халықтың болашығына үміт сыйлауға және еліміздің әлемдік аренадағы беделін арттыруға бағытталды. Мұндай пікірді Астана қаласының мәслихат депутаты Кендебай Адамбек айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Астана бүгінде тек Қазақстанның жүрегі ғана емес, армандар орындалатын қала, жастар мекені, білім мен инновацияның ордасына айналды», - деді депутат.

Елорда Алматыдан Ақмолаға 1997 жылы 10 желтоқсанда  ауыстырылды, ал 1998 жылы 6 мамырда қала атауы Астана болып өзгертілген еді. 

«Астананы көшірудегі ең басты мақсаттардың бірі – Қазақстанды геосаяси жағынан нығайту. Өйткені Астана Еуропа мен Азияның дәл шектескен нүктесінде, бір сөзбен айтқанда, Еуразия құрлығының нақ ортасында орналасқан. Алыс-жақын шет мемлекеттермен өзара тығыз халықаралық қарым-қатынас қалыптастыруға жол ашылатыны сол уақытта баса айтылған. Қазақстанның қазіргі жағдайына қарап бұл мақсаттың да мүлтіксіз жүзеге асқанын анық бағамдай аламыз», - деді халық қалаулысы.

Бас шаһар көшірілгеннен кейін, заманауи сәулеті мен инфрақұрылымы арқылы ерекше қарқынмен дамыды.

«Мұнда Назарбаев университеті, Astana IT University сияқты халықаралық деңгейдегі білім ошақтары мен ғылыми зерттеу орталықтары ашылды. Бүгінде инновациялық жобалар мен стартаптарға қолдау көрсету мақсатында қалада бірнеше технопарк пен креативті хаб жұмыс істейді. Астана – әр адамның арманын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ерекше қала. Қаланың дамуы барысында «Бәйтерек» монументі, «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы, Бейбітшілік және келісім сарайы сияқты нысандар ел мақтанышына айналды. Бұл ғимараттар  тек сәулет өнерінің үлгісі ғана емес, жастарға жаңа идеялар мен шабыт сыйлайтын орындар болып саналады», - деді спикер.

Бүгінде әсем де жас қала – түрлі ұлт пен мәдениеттің басын біріктірген бейбітшілік пен келісімнің символы. Мұнда халықаралық деңгейдегі жиындар, форумдар мен іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі.

«Бұл қала Қазақстанның ғана емес, бүкіл Еуразияның саяси, экономикалық және мәдени орталығы екенін дәлелдейді. Бұдан былай және ғасырдан-ғасырға осында – ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өмірлік маңызы бар шешімдер қабылданатын болады. Отанымыздың жүрегі енді осы жерде соғады. Бас қаламыз Тəуелсіз еліміздің шынайы бет-бейнесіне, халқымыздың мақтанышына, қасиетті мемлекеттің идеологиясының киелі ұғымына ие болды», - деп сөзін түйіндеді Кендебай Адамбек.