2024-2025 оқу жылында оқушылар халықаралық олимпиадаларда 362 медаль иеленді


Биыл оқу жылында дарынды балалар халықаралық олимпиадаларда 362 медаль, оның ішінде 41 алтын иеленді, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Әлемдік және Азия деңгейіндегі олимпиадаларда қазақстандық оқушылар ерекше білімімен, зеректігімен көзге түсті. Оның ішінде ерекше атап кетейік:
• Маңғыстау облысынан Рамазан Бутантаев – Азия-Тынық мұхиты аймағының «ең мықты лингвисі» деп танылды;
• Елордалық 10-сынып оқушысы Нұргүл Егенбергенова Азия физика олимпиадасында «ең үздік қатысушы» атанды;
• Шығыс Қазақстан өңірінің оқушысы Алдияр Амангелді Орталық Азияның «ең үздік информатигі» мәртебесіне ие болды;
• Маңғыстау облысынан Мендіғали Қалдыбай химия пәні бойынша зертханалық жұмыстан 40 елдің қатысушылары арасында ең жоғары нәтиже көрсетіп, «Ең үздік практик» атанды.
Бұдан бөлек, қазақстандық оқушылар химия пәнінен әлемдегі ең беделді халықаралық олимпиадада екі мәрте чемпион атанды және First Global Challenge робототехника чемпионатында үш дүркін әлем чемпионы болды.
Бүгінде Қазақстан – халықаралық олимпиада жеңімпаздарын қаржылай ынталандыру жүйесін енгізген бірден-бір ел. 2024 жылы беделді халықаралық жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен 26 оқушыға 77,5 млн теңге және оларды дайындаған 24 мұғалімге 6,4 млн теңге сыйақы берілді. Олимпиаданың алтын жүлдегерлері 1500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), күміс медаль иегерлері – 1000 АЕК, ал қола медаль иегерлері 500 АЕК көлемінде сыйақы алды.



