Президент жаңа Конституция жобасының мәтінін жазуға тікелей атсалысқан

Президент жаңа Конституция жобасының мәтінін жазуға тікелей атсалысқан
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында өзі де жаңа Конституция жобасының мәтінін жазуға тікелей атсалысқанын атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, жаңа Ата заңымызда Тәуелсіздікті, егемендікті және аумақтық тұтастықты қорғау басты қағидаттар ретінде көрсетілген. Бұл ережелерді қайта қарауға, басқаша тәпсірлеуге болмайды және ол мүлдем өзгермейді.  

«Осындай негізгі ережелермен қатар, Ата заң жобасында ұлттық валютаның мәртебесі айқындалды. Бұл – мән-маңызы зор норма.
Төл валютаның Елтаңба, Ту және Әнұранмен қатар тұруы бекер емес. Бұл жаңашылдық егемендікті, соның ішінде қаржылық дербестікті құқықтық тұрғыдан қорғауды көздейді.
Мына нәрсені атап өткім келеді: Қазақстан халқы биліктің бастауы және егемендіктің иесі саналады. Осы ереже Конституция жобасында жаңа норма ретінде нақты бекітілді. Бұл – жаңа Ата заң мемлекеттігіміздің тұғырын нығайта түседі деген сөз.
Мұның, әсіресе, геосаяси ахуал құбылып, тұрақсыздық орнап, ұлттық қауіпсіздікке сын-қатерлер төнуі мүмкін кезеңде маңызы зор.
Ата заңның мәтіні ғана емес, мәні мен мағынасы өзгерді. Онда сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүріміз, мақсат-мұраттарымыз бен мызғымас құндылықтарымыз нақты көрсетілді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшы өзі де жаңа Конституция жобасының мәтінін жазуға тікелей атсалысқанын мойындады. Ол құжаттың әр тарауына, әр бабына баса мән берген. Әрбір сөздің мағынасына терең үңіліп, өз ұсыныстарын Конституциялық комиссияға жолдаған.

«Бұдан бөлек, біз терминдер мен сөздерді қазақы ұғымға барынша сай етіп беруге айрықша назар аудардық. Мысалы, қазіргі Ата заңымызда «Қазақстан аумағының тұтастығы» деген ұғым бар. Негізі, бұл «жердің тұтастығы» болуы керек еді. Мен бұл мәселеге сарапшылардың назарын аудардым.
Себебі, жер – қазақ үшін ең қастерлі ұғымның бірі. Ата-бабаларымыз бір қарыс жер үшін жанын құрбан еткен. Осы ұланғайыр жерді қорғап, ұрпаққа мирас еткен. Оның табиғатын аялау, тұтастығын сақтау, шекарасын қас қақпай күзету – қасиетті борышымыз. Ұлы даланың бір уыс топырағы – баға жетпес байлығымыз. 

Сондықтан «жердің тұтастығы» деген сөз халқымыздың дүниетанымына сай келетін, нағыз қазақы ұғым болар еді. Мен бұл ұстанымды қолдаймын. Алайда, халықаралық деңгейде орныққан термин болғандықтан, Конституциялық комиссияның басым көпшілігі «аумақтық тұтастық» ұғымын өзгеріссіз қалдырды.
Мен мұны жаңа Конституцияның жобасын әзірлеу кезінде әрбір нормаға, әрбір бапқа қатысты қызу пікірталас болғанына байланысты мысал ретінде айтып отырмын. Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Жұртшылық та бұл жұмыстан тыс қалған жоқ. Азаматтарымыздан мыңдаған ұсыныс келіп түсті. Соның барлығы мұқият зерттеліп, сүзгіден өтті. Ақылға қонымды ұсыныстың барлығы ескерілді. Бұл халқымыз өз болашағы үшін жауапты екенін терең сезіне алғанын көрсетеді», - деді ол.

Президенттің айтуынша, референдумға шығарылып жатқан жаңа Ата заң жобасы жан-жақты зерделеніп, қызу талқыдан өткен. Сондықтан оны нағыз Халық Конституциясы деп нық сеніммен айтуға болады. 

«Шын мәнінде, жаңа Ата заң – өркениеті бай, тарихы терең, мұраты биік, жоспары айқын, болашағы жарқын, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза Қазақстанның төлқұжаты. Мен Мемлекет басшысы ретінде әрбір шешімді тек ұлт мүддесі тұрғысынан қабылдайтынымды атап өткім келеді.
Бізге арқаны кеңге салып, жайбарақат жүруге болмайды. «Бір жөні болар, жолымыз болар» деп отыра алмаймыз. Оған құқымыз да жоқ. Біз эволюциялық даму жолына, яғни жан-жақты, жедел және батыл жаңғыру жолына түстік», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынылған Конституция жобасы қабылданса, мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасы жаңа сипатқа ие болатынын атап өтіп, сондай-ақ еліміздің бүкіл заң жүйесі жаңаратынын жеткізді. 

«Ата заңға өзгерістер енгізу тәртібі әлдеқайда жақсарып, демократиялық құқықтық сипатқа ие болады. Қазіргі Конституция бойынша Парламент Негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады және мұндай жағдай осыған дейін бірнеше рет болған. 

Ал, енді Конституцияға енгізілетін кез келген өзгерістер мен толықтырулар бойынша шешім тек жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданады. Бұл қадам келешекте жекелеген саяси топтардың мүддесіне бола негізсіз конституциялық түзетулер жасауға тосқауыл қояды. Мен Президент қызметіне кіріскен сәттен бастап ел тағдырына қатысты аса маңызды мәселенің бәрі халықтың талқысынан өтіп, референдум арқылы шешіліп келеді. Бұл мен үшін мызғымас ұстаным болды.
Естеріңізге сала кетейін, 1995 жыл қабылданған «Референдум туралы» конституциялық заң өз күшіне ие болғалы алғаш рет 2022 жылы ғана қолданылды. Алдағы науқан аз уақыт ішінде өткен үшінші референдум болмақ», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан айтылған барлық теріс болжамдарға қарамастан, халқымыздың табанды еңбегінің арқасында халықаралық абырой-беделі зор күшті мемлекет ретінде қалыптасты.

«Бірақ, күшті, мықты ел болу жеткіліксіз. Мемлекеттің шынайы кемелдігі азаматтардың, заң мен өскелең ұрпақтың алдындағы жауапкершілігінен айқын көрінеді. Мықты мемлекет тірек болады, ал жауапты мемлекет ертеңгі күнге деген сенімді күшейтеді. Күш пен жауапкершілік үйлесім тапқанда ғана мемлекет озық әрі қарқынды даму жолына түседі.
Кейінгі ұрпақ біздің олқылықтарымызға түсіністікпен қарауы мүмкін, бірақ ел тағдырына әсер ететін тарихи шешім қабылдау кезінде енжар, жігерсіз, жауапсыз болсақ, олар бізді ешқашан кешірмейтіні сөзсіз. Дәл қазір біздің алдымызда кемел санамен, зор жауапкершілікпен тағдырлы таңдау жасау міндеті тұр», - Президент.