Тәуелсіздікке апарар жол бір күнде салынған жоқ – тарихшы

Тәуелсіздікке апарар жол бір күнде салынған жоқ – тарихшы
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгін – Тәуелсіздік күні. 16 желтоқсан – ел тарихындағы елеулі даталардың бірі. Бұл мереке Қазақстанның жаңа дәуірге қадам басқан сәті мен мемлекет ретінде қалыптасу жолындағы маңызды шешімдерді еске түсіреді. Осыған орай Elordainfo.kz тілшісі тарих ғылымдарының кандидаты, Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің деканы Өмірбай Бекмағанбетовпен тәуелсіздік жылдарындағы негізгі өзгерістер мен ел дамуының бағыттары жайлы әңгімелесті.

Өмірбай Бекмағанбетовтің айтуынша, Тәуелсіздікке апарар жол бір күнде салынған жоқ. Оның саяси-құқықтық іргетасы бірнеше маңызды тарихи қадамдар арқылы қаланды.

«Қазақстан Республикасы ол кезде әлі Кеңестік Қазақ Социалистік Республикасы деп аталды. Дегенмен, дәл 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Егемендік туралы декларация Тәуелсіздіктің алғашқы іргетасы болды», - деді тарихшы.

Бұл декларация арқылы Қазақстан тұңғыш рет өзін ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізе алатын мемлекет ретінде танытты. Әрине, құжат халықаралық деңгейде танылған жоқ, бірақ болашақ Тәуелсіздік туралы заңның негізгі бастау көзін дәл осы декларация құрады.

 «1990 жыл тарихқа егемендік шеруі деген атпен енді. 15 одақтас республиканың барлығы егемендік туралы декларация қабылдап, 1991 жылға қарай өздерінің тәуелсіздік туралы заңдарын қабылдай бастады. 1991 жылғы ең жарқын оқиғалардың бірі – 2 қазанда Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшуы. Бұл – Тәуелсіздіктің алғашқы қадамдар кезеңінде Қазақстанның космонавтика саласындағы рөлін одан әрі асқақтатқан оқиға еді», - деді Өмірбай Жолдыбекұлы.

Сайлау жүйесін реформалау да сол уақытта басталды. Мысалы, 1991 жылы 16 қазанда «Қазақ КСР Президентін сайлау туралы» заңы қабылданды. Нәтижесінде Мемлекет басшысын бүкіл халықтың дауыс беруі арқылы сайлау тәртібі енгізілді. Осылайша 1 желтоқсанда еліміздің тарихында алғаш рет жалпыхалықтық президенттік сайлау өтіп, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР-дің алғашқы Президенті болды.

Тәуелсіздікке бастаған маңызды күндердің бірі – 10 желтоқсан.

«Бұл күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауы өзгеріп, ресми түрде Қазақстан  Республикасы болып қабылданды», - деді спикер.

16 желтоқсан 1991 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Тәуелсіздік туралы Заң қабылдады.

«Осы заңды қабылдау арқылы Қазақстан әлемнің тәуелсіз мемлекеттері қатарына қосылды. Заң қабылданған сәттен бастап, алдыңғы қатарлы елдер Қазақстанның Тәуелсіздігін мойындағанын ресми түрде мәлімдеді», - деді тарихшы.

Осылайша егемен Қазақстан әлемдік аренаның тарих сахнасына шықты.

«Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, Қазақстан жаһандық қауымдастықпен белсенді байланыс орнатты. Соның бір дәлелі – 1992 жылғы мамырда Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылдануы», - деді Өмірбай Бекмағанбетов.

Бұл жас мемлекет үшін халықаралық деңгейдегі сенімнің, қолдаудың және танылудың айқын белгісі болды.

«Қазақстан тәуелсіздікке қолжеткізген 1991-1995 жылдары ел дамуының болашақ бағытын айқындайтын маңызды саяси реформалар жүзеге асты. Бұл кезең мемлекеттіліктің іргетасын қалаған шешімдерімен есте қалды. Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін, Қазақстан ең алдымен, өзінің ішкі және сыртқы саясатын жүйелейтін мемлекеттік құрылымдарды қалыптастыруға кірісті. Тәуелсіздігімізді басқа мемлекеттер мойныдай бастаған алғашқы күндерден-ақ, ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау мәселесі ерекше назарда тұрды. Этникалық жанжалға жол бермеу, көрші елдермен шекараны нақтылау – мемлекеттіліктің негізгі кепілдігі болды», - деді тарихшы.

1992 жылы Алматыда өткен Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы да сол кезеңнің маңызды саяси оқиғалары қатарына жатады.

«Сол жылдардағы ең ауқымды оқиғалардың бірі – 1993 жылғы 30 тамызда Қазақстанның алғашқы Конституциясының қабылдануы. Бұл құжат жас мемлекет үшін заңдық және саяси негіз қалыптастырды», - деді ол.

Тәуелсіздігін жаңа алған Қазақстан үшін сыртқы саясаттағы әрбір қадамның маңызы мол болды.

«1992 жылдың 15 мамырында Қазақстан ТМД аясында қабылданған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойды. Сол жылдың 22 мамырында Қазақстан ЮНЕСКО-ның да толыққанды мүшесіне айналды. Мемлекетіміздің маңызды нышандары да дәл осы кезеңде қабылданды. 1992 жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы туралы заң бекітілді. 1993 жылы 4 қаңтарда Ташкентте Орта Азия мемлекеттері басшыларының кездесулері өтті. Осы жиында Қазақстан алғаш рет тәуелсіз мемлекет ретінде Аралды құтқару жөніндегі ұжымдық шартқа қол қойды. Жалпы, бұл қадамдар Қазақстанның жас мемлекет ретінде халықаралық саясат сахнасына сенімді түрде шыққанын көрсетеді», - деді ЕҰУ-ның тарих факультеті деканы.

Тарихшының айтуынша, теңгенің қабылдануы ең алдымен Қазақстанның шынайы тәуелсіздігін көрсететін маңызды символдардың бірі болды.

«Мемлекет тәуелсіз болғаннан кейін, оның ұлттық валютасы болуы – соның бірінші дәлелі», - деді ол.

Теңгенің енгізілуінің тағы бір маңызды себебі – елдің өз экономикасын тұрақтандыру қажеттілігі еді. Ол кезеңде КСРО тарағаннан кейін, бұрынғы рубль кеңістігінің ортақ валютасы ішкі айналымда қолданылып, оның құнсыздануы Қазақстан экономикасына едәуір ықпал еткен.

«Бұл ақшаның құнсыздануы мемлекеттің әрі қарай экономикалық саясатын жүргізуге кедергі келтірді. Сондықтан ұлттық валюта енгізілді. Ұлттық валютаны енгізу экономикалық тұрақтылыққа, сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікті ілгерілетуге үлкен мүмкіндік берді», - деді декан.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ең маңызды қадамдардың бірі ретінде тарихшы Қарулы күштердің құрылуын ерекше атайды.

«7 мамыр – Қарулы күштердің құрылған күні. 1992 жылы 7 мамырда қабылданған бұл шешім – Тәуелсіз Қазақстанның берік іргетасын қалаған маңызды оқиға. Себебі мемлекетті қорғайтын – әскер. Ал мемлекеттің баянды өмір сүруіне кепіл болатын да – сол», - деді Өмірбай Жолдыбекұлы.

Спикер қазіргі жастардың дүниетанымындағы өзгешеліктерге де тоқталды. Оның пікірінше, бүгінде өсіп келе жатқан буын – еркін ойлайтын, азаматтық құқығын жақсы білетін ұрпақ.

«Қазір университетке келіп жатқан буын – 2000 жылдан бері туғандар. Бұлардың ойында жасқаншақтық жоқ. Олар еркін және ойды ашық айта алады, азаматтық құқықтарын біледі. Сондықтан өздерінің еркін жүруіне, еркін сөйлеуіне мүмкіндік жасап отырған мемлекеттің тәуелсіз екенін жақсы түсінеді», - деді ол.

Сондай-ақ ол астананы көшіру туралы шешімнің тарихи мәнін де атап өтті. Оның сөзінше, 1994 жылы 6 шілдеде қабылданған Жоғарғы Кеңестің Ақмолаға астананы көшіру туралы шешімі – елдің даму бағытын өзгерткен қадам.

«Әлемдік критерийлер бойынша астана мемлекеттің ортасында орналасуы керек. Алматы 1927 жылдан бері астана болса да, оның орналасуы оңтүстікте әрі сейсмологиялық тұрғыда қауіпті аймақта еді. Сондықтан астананы Ақмолаға көшіру дұрыс шешім болды», - деді ЕҰУ оқытушысы.

Тарихшы жаңа астананың елдің ішкі даму динамикасына серпін бергенін айтты.

«Астананың Ақмолаға ауысу – халықтың орталыққа шоғырлануына, моноқалалардың әл-ауқатының артуына әсер етті. Бүгінде барлығы Астанамен мақтанады», - деп сөзін түйіндеді Өмірбай Жолдыбекұлы.