Аналар күні: қызмет пен отбасыны қатар алып жүрген қымбат жандар
Бүгін - Аналар күні. Бұл күн елімізде мамыр айының екінші жексенбісінде ресми түрде аталып өтеді. Екі жыл қатарынан аталып келе жатқан мереке қарсаңында Elordainfo.kz тілшісі ұстаздық пен полиция қызметін қатар алып жүрген көпбалалы аналармен сұхбаттасқан еді.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Жоғары колледжінің ұстазы Әсел Габдуллина бүгінгі қоғамда ананың рөлі жоғары екенін атап өтті.
«Ана бала үшін алғашқы ұстаз, әлемді таныстырушы, тұлға болып қалыптасуына үлкен септігін тигізетін адам. Қоғамның болашағы да тәрбиелі, білімді ұрпаққа байланысты. Сондықтан ананың мейірімі мен махаббаты баланың тәрбиесінде әрқашан ерекше орын алады», - дейді ол.

Әсел Мұратқызы мұғалім де, ана болу да үлкен жауапкершілікті талап ететінін айтты.
«Екеуі де сабырлы, мейірімді болуды және үлкен күшті қажет етеді. Әрине шаршайтын кездер болады, бірақ, өз балаң немесе оқушыңның жетістігін көргенде ол шаршау ұмытылады», - дейді ол.
Әсел Мұратқызы ұстаз аналардың кейде өзіне уақыты жетпей жататынын атап өтті.
«Күні бойы сабақ, үй шаруасы, дайындық, бала тәрбиесі-бәрін қатар алып жүру оңай емес. Жұмыс деп жүгіріп, балаға көңіл бөлуге үлгермей жатамыз. Әйтсе де балаларым мамандығыма құрметпен қарайды», - деді ол.
«Әйел өзінің төзімділігі және сабырлығымен кез келген қиындықты еңсере алады» дейді Астана қаласының Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Маржан Қарағойшина.
«Маған ең үлкен күш беретін – отбасым мен балаларым. Сондай-ақ, халықтың алғысы мен сенімі шабыттандырады. Ал өз еңбегіңнің қоғамға пайдасы тиіп жатқанын сезіну – үлкен мотивация. Дегенмен, полиция қызметінің өз талабы, жауапкершілігі бар. Ана ретінде отбасыңа да уақыт бөлу қажет. Ең бастысы – уақытты дұрыс жоспарлау және өзіңе сену», - деді Маржан Серікқалиқызы.

Оның айтуынша, әйел адам отбасы мен қызметті қатар алып жүре алады.
«Мұндайда жақындардың қолдауы мен ішкі жігер адамды алға жетелейді. Жалпы, мен жыл сайын Аналар күнін отбасымен бірге қарсы алғанды ұнатамын. Себебі, отбасымен бірге дастархан басында отырған сәттер ерекше қуаныш сыйлайды», - деді кейіпкеріміз.
Ол сондай-ақ ана атанғаннан бері жауапкершілігі артып, сабырлы әрі мейірімді бола түскенін байқағанын атап өтті.
«Балаларым мені күн сайын жақсы адам болуға ынталандырады. Ал отбасым менің қызметімді құрметтейді және әрқашан қолдау көрсетеді. Балаларым әділ, еңбекқор, үлкендерді құрметтейтін, адамдарға жанашыр болып өсулерін қалаймын», - деді полиция капитаны Маржан Қарағойшина.
Айта кетейік, мамыр айының екінші жексенбісінде аталып өтетін Аналар күні АҚШ, Канада, Германия, Италия, Бельгия, Дания, Финляндия, Эстония, Түркия, Жапония, Бразилия және Аустралия секілді 20-дан астам елде тойланады.
Еске салсақ, Халықаралық отбасы және Аналар күніне орай елордада «Анаға тағзым» аллеясы ашылды.