Азаматтардың алаңсыз өмір сүріп, кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасалады - Президент

Бүгін, 15:29
Думан Аманжол Думан Аманжол
Азаматтардың алаңсыз өмір сүріп, кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасалады - Президент
Фото: Ақорда

Жаңа Конституция жобасы - адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды ең жоғары деңгейге көтереді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында  мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президенттің сөзінше адам дүние есігін ашқаннан бастап, оның бастауыш және орта білім алуы, отбасын құруы және кәмелетке толған балалардың еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасау міндеті Негізгі заңда түгел қамтылған.

«Ата заң жобасы – азаматтармен адами қарым-қатынас түзудің жарқын көрінісі. Күні кеше ғана кейбір нормалар әлеуметтік қиял сияқты көрінген еді.

Мысалы, қазіргі Конституцияда азаматтың мемлекетке келтіретін зияны жөнінде жазылған, ал жаңа Ата заң жобасында адамға зиян келтіргені үшін мемлекетке жүктелетін жауапкершілік туралы норма пайда болды.

Бұдан былай әр адам мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның заңсыз әрекеті арқылы келтірілген зиянды мемлекеттен өтеп алуға құқығы бар.

«Мемлекет Конституциясы адам конституциясын бұзбайтындай болуға тиіс» деген ұлағатты сөз Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын, мүдделерін қорғаудың жаңа тәсілдерін дәл сипаттайды.

Заң мен тәртіп үстемдігіне мемлекеттік идеология ретінде басымдық берілгенін тағы да атап өткім келеді. Бұл қағидатты толық түсінбесек және ұлттық санамызға сіңірмесек, қазақ мемлекеттігінің нығаюы туралы айтудың өзі артық», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ жемқорлардың, тіпті олардың соттылығы заңда белгіленген тәртіппен жойылғанына немесе алынғанына қарамастан, сайлануға құқығы жоқ екенін айтты.

«Бұл – өте маңызды жаңашылдық деп ойлаймын.
«Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды» деген бап та әділдік қағидатына толық сай келеді. Жаңа Конституция жобасында «Сот шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға және шығарып жіберуге жол берiлмейдi» деп нақты жазылған.
Негізгі заңда адвокатура институты бекітіліп, сондай-ақ Миранда ережесі енгізіледі. Бұрын-соңды мұндай болған жоқ. Осы арқылы азаматтың сотта қорғалу және заң көмегін алу құқығына мемлекет беретін кепілдік күшейеді.
Жеке өмірге қол сұқпау құқығын Конституция деңгейінде бекіту ұсынылды. Бұл жерде тек жеке салымдар мен жазысқан хаттардың құпиясын заңмен қорғау туралы сөз болып отырған жоқ.
Банк операцияларының, дербес деректердің құпиялығын қамтамасыз ету Конституция бойынша қорғалады. Цифрлық технология мен қаржы секторы қарыштап дамыған қазіргі заманда бұл өзекті мәселеге айналды.
Бұдан бөлек, Қазақстанда дербес деректер мен цифрлық құқықтың қорғалуына кепілдік беруді Негізгі заң деңгейінде бекіту жоспарланып отыр», - деді Президент.

Мемлекет басшысы алғаш рет білім мен ғылымды, инновацияны дамыту мемлекет қызметінің конституциялық қағидаты ретінде танылмақ, осы орайда мемлекеттің, әсіресе, білім беру жүйесінің зайырлы сипатқа ие болуы айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

«Біз төрткүл дүниенің дарындарын өзімізге тартып, инвестициясын игеретін мықты елге айнала аламыз. Оған әлеуетіміз жетеді. Бұл – адам капиталының сапасын арттыру бағытындағы жұмыстың маңызды бөлігі.
Сондықтан зияткерлік меншікті тұңғыш рет Конституция деңгейінде қорғау ұсынылып отыр. Бұл, өз кезегінде, креативті экономиканың дамуына тың серпін береді.
«Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды» деген норма енгізілді.
Осылайша, біз тұрақты әрі түсінікті құқықтық, инвестициялық орта қалыптастырамыз. Азаматтарымыз өз құқы бұзылмайтынын, қорғалатынын біліп, олардың алаңсыз өмір сүруіне және кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасалады», - деді Президент.

Оның сөзінше, қазіргі таңда жекелеген аумақтар мен «қарқынды дамитын қалалар» үшін арнаулы құқық режимін белгілеу ұсынылды. Осы нормаға байланысты еліміздің аумақтық тұтастығына қауіп төндіреді деген қауесет тарай бастаған. Президент әдетте мұндай ауыр айыптауды әлемдік тәжірибеден мақұрым, заңнамалық сауаты жоқ адамдар айтатынын атап өтті.

«Айтпақшы, жаңа Конституция жобасында орыс тілінің мәртебесін төмендетіп жатыр-мыс деген күңкіл әңгімеге қатысты да осыны айтуға болады. Бұл жайында жазылған мақалаларды оқудың өзі қызық. Стилистикалық және грамматикалық қателерден аяқ алып жүре алмайсың. Жарияланым авторлары орыс тілі үшін қам жейді, бірақ өздері оны дұрыс меңгермеген.
Түптеп келгенде, жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде бірдей заңды күшке ие қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық.
Осы орайда қазақ тілінің мәртебесі төмендеді деп байбалам салудың қажеті жоқ.
Жаңа Конституция жобасында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп нақты жазылған.
Бұл ретте ана тіліміз тек көркем әдебиетте ғана емес, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылады. Ең маңыздысы, жастар арасында қазақша сөйлеу сәнге айналды. Басқаша айтқанда, қазақ тілінің болашағы жарқын.
Кейбіреулер тіл тағдырына алаңдаған кейіп танытып, бұл тақырыпты саяси құрал ретінде пайдаланады.
Қазақ жастары жаңашылдыққа тез бейімделе алуымен ерекшеленеді. Олар қазақша мен орысшаны қоса алғанда, үш-төрт тілді еркін меңгереді. Мұны айналамыздан күнде көріп жүрміз», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы «саяси буллингпен» шетелдік азаматтардың айналысуы былай тұрсын, оған ел азаматтарының баруын түсіну өте қиын екенін айтты.

«Кейбіреулер өз бағасын асырып, жұрт алдындағы беделін көтеру үшін ұлт мүддесіне шекеден қарап, шектен шығады.
Тым болмаса жаңа Конституцияның идеологиялық және саяси мәніне, ұсынылған нормалардың қандай рөл атқаратынына бір сәт үңіліп көрген жөн.
Біз арнаулы режимді тек қаражат, яғни капитал тарту үшін енгізіп отырмыз. Мұндай артықшылық қаржылық басқару, салық жеңілдіктері және сот рәсімдеріне қажетті жұмыстарды қамтамасыз ету үшін беріледі. Мәселен, осындай режим Алатау қаласына қатысты қолданылмақ.
Конституцияда арнаулы құқық режимін бекіту арқылы біз инвесторларға қолайлы жағдай жасаймыз. Жер жүзіне Қазақстанды тұрақты, ашық, кедергісіз және ішкі нарықтағы ахуалы айқын ел ретінде көрсетеміз.
Мұндай аумақтар Қазақстанның біртұтас конституциялық, құқықтық кеңістігінің ажырамас бөлігі саналады және солай болып қала береді. Конституциялық жүйенің аса маңызды бөлігі ретінде еліміздің аумақтық тұтастығы мен мемлекеттік құрылымы мызғымас сипатқа ие», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.