Астанада болашақ әлем чемпиондары тазалық акциясын өткізді
Астанадағы Tony Boxing бокс мектебінің қатысушылары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын қолдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Акцияның басты мақсаты – өсіп келе жатқан жас буынды салауатты өмір салтын ұстанумен қатар, тазалыққа да шақыру.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына әр ай сайын тұрақты түрде қатысамыз. Бұл жерде біз балаларға тазалық пен тәртіпті бойына сіңіруге тырысамыз», – деді Tony Boxing бокс мектебінің жаттықтырушысы Антон Попов.
Дәл қазіргі сәтте бокс мектебінде 5-15 жас аралығындағы 60-қа тарта бала спортпен шұғылданады. Олардың арасында спорт шеберлігіне үміткер, жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатының жүлдегері Серік Рыскелді секілді болашағынан зор үміт күттірер шәкірттер де бар.

Жаттықтырушының айтуынша, тазалыққа баулу – бала тәрбиесінің маңызды бөлігі.
«Бала кезімізде біз де сенбіліктерге белсенді қатысып, айналамызды таза ұстау керектігін түсінген едік. Енді бапкер ретінде өз балаларымның бойына тазалықты сіңіруді үйретудің кезегі келген секілді», – деп Антон Попов өз ойын түйіндеді.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға мүмкіндік беретін «Таза Қазақстан» акциясы 2024 жылдан бері елімізде жалғасып келе жатыр.
Еске сала кетейік, елордада Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай 60-қа жуық көшет отырғызылды.