Елордадағы университетте профессор Михаил Спектор атындағы аудитория ашылды
Елордадағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде экономика ғылымдарының докторы, профессор Михаил Давидович Спектордың есімі берілген аудитория салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараға университет ректорЫ, ҚР ҰҒА академигі, профессор Қанат Тіреуов, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, ғалымның қызы Ирина Спектор мен талай жыл білім және ғылым саласында бірге еңбек еткен әріптестері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер және арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Салтанатты жиынға қатысушылар Михаил Давидовичтің отандық экономикалық ғылымның дамуына, жоғары білім беру жүйесіне және жоғары білікті кадрлар даярлауға қосқан орасан зор үлесін ерекше атап өтті.

Жаңа аудитория Жер ресурстарын басқару және архитектура институтында орналасқан. Бұл орын болашақ мамандар үшін маңызды білім беру кеңістігіне айналады. Атаулы аудиторияның ашылуы Михаил Давидович Спектордың ғылыми мұрасына, көпжылдық еңбегіне және университеттің дамуына қосқан үлесіне деген құрметтің белгісі болды.

Мұндай білім беру кеңістіктерін құру тарихи жадыны сақтауға, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және академиялық дәстүрлерді дамытуға ықпал етеді.

Айта кетейік, Михаил Давидович Спектор – экономика ғылымдарының докторы, профессор, аграрлық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалым. Ол жерге орналастыру, ауыл шаруашылығы экономикасы және ауылдық аумақтарды жоспарлау салаларында іргелі ғылыми еңбектердің авторы ретінде ғылыми мектеп қалыптастырып, жоғары білікті мамандар даярлауға зор үлес қосты.




Бұған дейін қазақстандық ғалымдарға Agri-CA бағдарламасына қатысу ұсынылғанын жазған едік.