Астана күніне орай БАҚ өкілдері арасында «Таза Қазақстан – таза Астана» байқауы жарияланды

Бүгін, 18:17
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астана күніне орай БАҚ өкілдері арасында «Таза Қазақстан – таза Астана» байқауы жарияланды
Фото: «Астана Тазалық» ЖШС

«Таза Қазақстан – таза Астана» байқауы республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы және Астана күні аясында өткізіледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Астана Тазалық» ЖШС БАҚ өкілдері мен блогерлер арасында байқау жариялайды. Жалпы жүлде қоры –  4 миллион теңге.

Байқаудың негізгі мақсаты – елордадағы тазалық пен тәртіпті күн сайын қамтамасыз етіп жүрген коммуналдық қызметкерлердің еңбегін кеңінен насихаттау. Сонымен қатар жұмысшы мамандықтарының маңыздылығы мен беделін арттыру, Астана қаласының, оның шет аймақтары мен қала маңындағы елді мекендердің санитарлық жағдайын қамтамасыз ету тақырыбын жан-жақты ашу көзделеді. Атап айтқанда, қалдықтарды жинау және шығару, көшелерді, жолдарды, алаңдарды, тротуарлар мен қоғамдық аумақтарды қолмен және механикаландырылған түрде тазалау, су басудың алдын алу шараларын көрсетуге басымдық беріледі.

Байқауға отандық бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері мен блогерлер қатыса алады.

Байқау келесі номинациялар бойынша өткізіледі:

1. «Үздік телевизиялық материал»;

2. «Баспа басылымындағы үздік мақала»;

3. «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым»;

4. «Әлеуметтік желідегі үздік жарияланым».

Байқауға мемлекеттік немесе орыс тілдерінде 2026 жылғы 1 мамыр мен 30 маусым аралығында жарияланған жұмыстар қабылданады. Ұсынылатын жұмыстар санына шектеу қойылмайды.

Жұмыстарды тәуелсіз комиссия бағалайды. Комиссия құрамына коммуналдық сала мамандары мен тәжірибелі журналистер кіреді. Қазылар алқасы төмендегі критерийлерге сүйене отырып бағалайды:

1. берілген тақырыптың өзектілігі және сәйкестігі;

2. тақырыпты ашу тереңдігі және ұсынылған ақпараттың шынайылығы;

3. баяндау стилі;

4. авторлық пайымның бірегейлігі.

Байқауға қатысу үшін материалдар келесі электронды пошта арқылы қабылданады: astana_tazalyk@mail.ru.

Байланыс нөмірі: +7 700 259 2188.

Жұмыстарды қабылдау уақыты: 2026 жылғы 30 маусым, сағат 18:00-ге дейін (Астана уақытымен).

Байқау қорытындысы 2026 жылғы 2-3 шілде күндері жарияланады.