«Достық керуені»: Астанада 500-ден астам оқушы қатысқан ауқымды іс-шара өтті

Бүгін, 16:41
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
«Достық керуені»: Астанада 500-ден астам оқушы қатысқан ауқымды іс-шара өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Достық керуені» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Оған елордалық Оқушылар сарайларының 500-ге жуық тәрбиеленушісі қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Аталған іс-шараға Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы, Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы және TANYM көпфункционалды кешенінің тәрбиеленушілері қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында достық, патриотизм және толеранттылық құндылықтарын қалыптастыру, Қазақстан халқының бірлігін насихаттау арқылы балалардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамыту.

Іс-шара бейбітшілік пен келісімнің символына айналған «Ақ көгершін» әніне қойылған әсерлі театрландырылған қойылыммен ашылды.

Бағдарламаға жас суретшілер, әншілер, бишілер және өзге де дарынды оқушылар қатысты. Мәселен, бейнелеу өнерімен айналысатын тәрбиеленушілер ашық алаңда табиғи жарықта сурет салды. Сонымен қатар келушілер ұстаздардың бірі салған портретті тегін алуға мүмкіндік алды.

Балалар мен жасөспірімдер тоғызқұмалақ, бестас және басқа да ұлттық ойындарды ойнады. Ашық алаңда шебер сазбалшықтан ыдыс жасап көрсетсе, жақын маңда ұшақтар мен басқа да техникалардың макеттері таныстырылды. Бұдан бөлек, ата-аналар мен балалар ұлттық киімдер мен түрлі тұрмыстық бұйымдар ұсынылған этнокөрмені тамашалады.

Бағдарламаның негізгі бөлігін вокалдық-би қойылымдары құрады. Онда түрлі ансамбльдер мен топтар өз өнерлерін көрсетіп, Қазақстанда тұратын әртүрлі ұлттардың әндері мен билерін орындады.

Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының әдіскері Айсара Асайынова концерттің бірден үш сарайдың бірлескен жұмысы нәтижесінде дайындалғанын атап өтті.

«Іс-шарада би ұжымдары, вокалдық студиялар өнер көрсетті. Сонымен қатар бейнелеу өнері, арт-дизайн бағыттары бойынша шеберлік сабақтары өтіп жатыр. Қалағандар маникюр жасатып, визаж, грим, аквагрим қызметтерін ала алады. Сондай-ақ қыш өнері, мүсіндеу, тоқу бойынша және асық ату, бестас, картинг секілді спорттық бағыттағы шеберлік сабақтары ұйымдастырылды», – деді ол.

Жалпы бағдарламаға үш Оқушылар сарайынан 500-ден астам тәрбиеленуші қатысқан.

Ұйымдастырушылар концерттік бағдарламаға қатысқан балаларды қолдаған ата-аналар мен ұстаздарға алғыс білдірді.

«Бұл концертте менің қызым өнер көрсетті – ол Оқушылар сарайындағы «Сәлем» ансамбліне қатысады, олар «Туған ел» әнін орындады. Балама өте ұнады, осы жерде өзін аша білді. Жолдасым – түрік ұлтының өкілі. Меніңше, Қазақстан түрлі ұлттарды біріктіре алған ел. Өзім орыс ұлтынанмын. Елімізде әрдайым бейбітшілік пен келісім болсын, халықтар әрқашан тату өмір сүрсін», – деді ата-аналардың бірі Марина Балжи.

Іс-шараға қатысушылар Қазақстандағы ұлтаралық келісімді жоғары бағалайтындарын жеткізді.

«Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын! Әртүрлі ұлт өкілдері болсақ та, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, еркін араласамыз. Осындай шараға қатысқаныма қуаныштымын. Маған би билеу өте ұнайды», – деді оқушылардың бірі Сұлтан Тангиев.