5 желтоқсан күні кешкісін жолға шыққан жолаушылар автобусы «Астана – Қабанбай батыр – Теміртау» автожолында жол апатына ұшырады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«5 желтоқсан күні «Астана – Қабанбай батыр – Теміртау» автожолында жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Апаттың мән-жайын және болған оқиғаның себептерін анықтау бойынша кешенді тергеу шаралары жүргізіледі. Алдын ала мәліметтер бойынша, IVECO маркалы жолаушылар автобусының жүргізушісі алға жылжып келе жатқан экскаватормен соқтығысуға жол берген. Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр», - делінген хабарламада.
Полиция департаментінің мәліметінше, жол апатынан 12 адам зардап шеккен, оның ішінде 2 жүргізуші бар. Олардың бәрі әртүрлі дене жарақатымен медициналық мекемелерге жіберілді.
Естеріңізге сала кетейік, 5 желтоқсан күні Астанада тоқтап тұрған автобусқа соғылған көлік жүргізушісі мерт болған еді.
Бұған дейін ауыр жол апатынан аман қалған жүргізуші өзге азаматтарды рөлде аса мұқият болуға шақырған болатын.