Әкесі қарсыластың баласы - қарсылас


...Біреу бұл жекпе-жекті бір апта күтті,біреу - бір ай,ал,мен тура жарты жыл күттім! Неге десеңіз: бұл жекпе жектің өзінен гөрі тарихы ғаламат болатын... Ол тарихты мен білуші едім.
Бұл күні,бізше кеше ғана,Лондондағы "Тоттенхем" футбол командасының стадионында 12 раундтық жекпе-жекке шыққан Крис Юбенктің кішісі мен Конор Беннің арақатынасы қарсыластан гөрі "жау" деуге болатындай еді. Және де бұл "жаулық " біреуінің кісі өлтіргенінен болған жоқ,сол баяғы,шаршы алаңдағы жеңіс пен жеңілісті бөле алмағандығынан болып отыр. Осыдан үш күн бұрын,екеуінің "көзбен атысуы" кезінде Крис кенет Конордың жағынан тартып жіберген. Шапалақ аз болғандай,уысында шикі жұмыртқа болыпты. Сол жарылып,Конорды айналасына масқара етті. Конор да жұдырық ала ұмтылғанмен,мұндайдан от шығатынын білетіндер,араға түсіп үлгерген... Бұл екі боксшы жандарына арашашы төрт-бес білекті жігіт ертпей кештерде,жиындарда бір-біріне жолыға алмайды. Және де екеуі мұнан бұрын шайқасып,жеңіп-жеңілген де емес. Екеуін ата жауға айналдырған - әкелерінің мұнан 35 жыл бұрын өліспей беріспейтін қарсылас болғандығы!.. Әкелері екі рет шайқасқан,ол жекпе-жектің бірі тең болып,бірінде үлкен Крис Найджелды ұрып жыққан...
...Мына жекпе-жек көрген адамның қанын тасытпай қоймады. Кіші Крис пен Конор 12 раунд бойы бір секунд та дем алмай,бір-бірін алып жеуге - сұлатып салуға дайын еді. Мұндай өшпенді жекпе
-жек баяғы Мұхаммед Әли мен Джо Фрезердің шайқасынан кейін болмаған шығар. Осы 12 раундта олардың әрқайсысы жұдырықтарын бір-бір мыңнан сілтеп үлгерді! Әрбірі мыңнан жұдырық жеді. Рингтегі төрешінің ақ көйлегі қып-қызыл қан болды...
Қазылар алқасы жеңісті кіші Криске берді. Олары заңды. Алғашқы 8 раунд бірін-бірі ала алмағанмен,соңғы чемпиондар раундтарында Крис басымдау болды. Ол да заңды. Кіші Крис нағыз орта салмақтағы боксшы. Ол кезінде біздің Геннадий Головкинге бірнеше рет атастырылып.ақыры шайқаспай кеткен боксшы еді. Кінә кімнен болғаны белгісіз. Ал,Конор болса жартылай орта салмақтың жауынгері. Ал,оған орта салмақта не бар десеңіз,кезінде кеткен әкесінің кегін әпермек боп шаршы алаңға жөнсіз асыққан өшпенділік те баяғы. Бірақ бұл жолы кек қайтпады. Яғни бұл жекпе-жектің жалғасы бар деген сөз!
...Тағы бір айта кететін жағдай,Кристі біздің Жәнібек Әлімханұлына баптап салғысы келгендер бар. Бұл жекпе-жек болып қалуы да мүмкін. Олай болса,тақымымызды қыса жүрейік.
Несіп Жүнісбаев



