Астанада ҚХА-ның 30 жылдығына арналған жобалар талқыланды

29 мамыр, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада ҚХА-ның 30 жылдығына арналған жобалар талқыланды
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астанадағы Достық үйінде «Қазақстан әзірбайжандары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің астаналық филиалында белсенділердің қатысуымен маңызды жиын өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы секторының меңгерушісі Қайрат Баймолдинов, қауымдастық төрағасы Әбілфас Хамедов, сондай-ақ Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынова қатысты.

Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының 34-сессиясында жүктеген міндеттері талқыланып, Ассамблеяның 30 жылдығына арналған жобалар мен іс-шаралар жоспары қарастырылды. Сонымен қатар Қазақстандағы әзербайжан этномәдени бірлестіктерін одан әрі біріктіру жолдары сөз болды.

Маңызды шешімдердің бірі ретінде, Астанадағы әзербайжандар қауымдастығы филиалының төрағасы болып Бахыш Ханлароғлы Гулиев сайланды. Сонымен қатар филиал жанынан Ақсақалдар кеңесі мен Жастар қанаты құрылатын болды. Бұл бастамалар этномәдени жұмыстардың жаңа кезеңге қадам басқанын көрсетеді.

Айта кетейік, биыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Осы уақыт ішінде Ассамблея ел бірлігін нығайтуда, қоғамдық келісімді қамтамасыз етуде тиімді құрылым ретінде өзін толықтай дәлелдеді.

«Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган», – делінген ресми мәлімдемеде.

Ассамблея аясында жүзеге асырылып жатқан қайырымдылық шаралар мен қоғамдық бастамалар көпұлтты елдің татулығын нығайтуға зор үлес қосып келеді. Мұндай басқосулар ел ішіндегі этносаралық келісімді бекемдеп, рухани бірліктің негізін қалауға қызмет етеді.