Биыл 1,3 мың шақырымнан астам коммуналдық желілер жөнделеді

Елімізде жылу, электр, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы тозуды 50%-дан төмендету үшін 86 мың км коммуналдық желілерді жөндеуге 6,8 трлн теңге инвестиция тарту қажет. Бұл туралы ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Ағымдағы жылы бірге пысықтау нәтижесінде расталған құжаттары бар және жалпы сомасы 144,5 млрд теңгеге қаржыландыруға дайын 48 табиғи монополия субъектісі басым тәртіппен қаралып, айқындалды. Бұл жөндеу жұмыстарын жүргізуге және 1 347 км коммуналдық желі мен 3 047 бірлік жабдықты ауыстыруға мүмкіндік береді», - деді спикер.
Келесі жылы «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 9 723 км желіні жөндеп, 46 мыңнан астам жабдықты ауыстыру жоспарланып отыр.
Инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 1 трлн теңгені құрайды.