«Келгенше қонақ ұялады, келген соң...»: Оралда мейрамхана қызметіне қатысты дау туындады

Бүгін, 08:53
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views78
«Келгенше қонақ ұялады, келген соң...»: Оралда мейрамхана қызметіне қатысты дау туындады
Фото: pexels.com

Орал қаласында мейрамхана қызметіне қатысты туындаған жанжал көпшіліктің назарын аудартты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қала тұрғыны анасының 80 жас мерейтойын атап өту үшін мейрамханаға алдын ала тапсырыс берген. Отбасы мерекеге мұқият дайындалып, мәзірді бірнеше рет мейрамхана қожайынымен келісіп, тағамдардың сапасы мен мөлшеріне ерекше мән берген. Тапсырыс беруші қажетті өнімдерді сатып алу үшін соманы бірден төлеуге дайын екенін айтқан. Сонымен қатар егде жастағы қонақтардың келетінін ескертіп, дастарханның мол әрі дәмді болуын сұраған.

Алайда мереке күні ұсынылған тағамдар келісілген мәзірге мүлде сәйкес келмеген. Ыстық тағамдар дәмсіз, еттің қамыры жабысып, ет мөлшері тым аз болған. Әр үстелге бір ғана апельсин мен мандарин қойылған. Уәде етілген сазан балығының орнына бір ғана скумбрия ұсынылып, танымал кондитерлік өнімдер белгісіз өндірушінің тәттілерімен алмастырылған. Мерекенің ортасына қарай үстелдер босап қалған. Тапсырыс берушінің айтуынша, отбасы қонақтардың алдында ұятты болған.

Мейрамхананың қожайынына 200 мың теңге көлемінде келтірілген залалды өтеу туралы ұсыныс жасалғанымен, ол қызметтің сапалы көрсетілгенін айтып, бас тартқан. Осыдан кейін тұтынушы ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген.

«Мамандардың көмегімен талап-арыз дайындалып, оған фото және видео айғақтар қоса тіркелді. Екі күн ішінде кәсіпкер тұтынушыға 150 мың теңге қайтарып берді. Бұл жағдай қоғамдық тамақтану саласында тұтынушының құқығы қорғалуы мүмкін екенін дәлелдеді», - делінген хабарламада.