Сәкен Сейфуллиннің педагогикалық мұрасы жайлы кітап көрерменге жол тартты

Бүгін Астанада «Сырсандық» сериясының XI томына арналған «Сәкен Сейфуллиннің педагогикалық мұрасы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кітап авторы – педагогика ғылымдарының магистрі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің PhD докторанты Гүлназия Ибраева. Автордың бұл еңбегі – көп жылғы музейлік, ғылыми-зерттеу тәжірибесінің, ізденістерінің жемісі.
Автордың мақсаты – Сәкеннің мұрасын тек әдебиет пен саясат тұрғысынан ғана емес, ұлттық педагогика тарихындағы орны тұрғысынан да көрсету.
Оның айтуынша, еңбекті жазып шығуға 15 жыл уақыт кеткен. Бұл томға Сәкен Сейфуллиннің педагогикалық бағытта жазған зерттеу еңбектері мен мақалалары еніп отыр.
«Бұл тақырыпты таңдауыма бірнеше мәселе себеп болды. Олардың біріншісі – өскелең ұрпақ ақын Сәкен Сейфуллиннің мұрасын ұмытып бара жатыр. Екіншіден, мектеп бағдарламасында ақынның өмірі мен шығармашылығы бастауыш сыныпта және 11 сыныпта ғана оқытылады. Сондықтан сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішұлымен кезінде кездесіп, тақырып жайлы ақылдастым. Ол кісі бағыт-бағдарын берді. Содан кейін зерттеу жұмысымды бастадым. Мұнда осыған дейін зерттелмей жүрген педагогикалық еңбектері қамтылды. Мұнда Сәкен Сейфуллин ашқан мектептер мен шәкірттерінің тізімі, сабақ беру әдістері, қолданылған оқулықтары жайлы мағлұматтар бар», - деді кітап авторы Гүлназия Болатқызы.
Кітапта Сәкен Сейфуллиннің мектеп пен жоғары оқу орындарындағы ұстаздық қызметі, білім беру саласындағы реформаторлық қадамдары, сабақ беру әдістері мен педагогикалық көзқарастары жан-жақты сараланды. Мұнда сирек кездесетін қолжазбалар, мұрағат құжаттары, шәкірттерінің естеліктері және замандастарының пікірлері қамтылды.
Сәкен Сейфуллин мұражайында өткен салтанатты рәсімге Мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімұлы, Қазақстан Республикасының Халық ағарту ісінің үздігі Роза Асылбекова, Жезқазған қалалық мәслихатының төрағасы Раушан Қапарова, әнші, актер, режиссер Қанат Жүнісов және т.б. қатысты.
«Гүлназия Болатқызының ғылымға деген адалдығы осындай биіктерге жетелеп жатыр. Бұл еңбекті сәкенатунға қосылған сүбелі үлес деп есептеймін. Бұл жұмыс ары қарай жалғасу керек. «Сырсандық» сериясы бойынша шыққан еңбектерде Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы жан-жақты қамтылуда. Музей қызметкерлеріне менде бір ұсыныс бар. Алдағы уақытта «Сырсандық» сериясы бойынша Сәкен жайлы драмалар жинақталуы қажет деп ойлаймын. Өздеріңізге мәлім, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов және т.б. қаламгерлердің Сәкен жайлы жазған драмалары бар», - деді Қанат Жүнісов.



