Астанада смартфонмен бағдаршамның «жасыл зонасын» алдын ала анықтайтын жоба енгізілуі мүмкін

Бүгін, 14:51
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views70
Астанада смартфонмен бағдаршамның «жасыл зонасын» алдын ала анықтайтын жоба енгізілуі мүмкін
Фото: Оңалхан Өнерхан

Алдағы уақытта Астана қаласында Yandex навигатор қосымшасы арқылы бағдаршамның «жасыл зонасын» алдын ала анықтайтын жоба енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Yandex Kazakhstan компаниясының GR директоры Мейірбек Мұқатов «Инновациялар мен технологиялар: Астана азаматтық секторының болашағы» тақырыбында өткен ХІІ Азаматтық форумда мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Біз көлікте келе жатқанда әдетте смартфоннан жолдың бағытын электронды картадан қарап отырамыз. Енді жасанды интеллект сізге бағдаршамдардың «жасыл зонасына» түсетіндей етіп, жақсы маршрутты қарастырып береді. Яғни ЖИ алдағы бағдаршамның неше секундтан кейін жасыл жанатынын алдын ала хабарлайды. Бұл бір жағынан жанармайды үнемдейді, екіншіден, оқыс қозғалыс жасауды азайтады. Сонымен қатар бұл технология арқылы қай жерде жол-көлік оқиғасының көбірек болатын статистикасын анықтауға болады», - деді Мейірбек Мұқатов.

Бұл жоба әзірге Қостанай мен Қарағанды қалаларында іске асырылған. Енді елордаға енгізу бойынша жергілікті атқарушы билікпен талқылау жүргізіліп жатқанын айтады Yandex Kazakhstan компаниясының GR директоры.

Оның сөзінше, бұл технологиялар Жапония, Корея сияқты елдерден бастау алған.