Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтерді

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтерді, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық банктің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.
Инфляцияның күшеюі, сұраныстың ұсыныстан асып түсуі және белсенді фискалдық саясат аясында ақша-кредит шарттарының жұмсаруы бағаның шектен тыс өсуіне қауіп туғызды.
Осыған байланысты инфляцияның динамикасын тұрақтандырып, бағаның бақылаудан шығуына жол бермеу үшін шешімді қадам жасауға тура келді», - делінген хабарламада.
Ұлттық банктің мәліметінше, барлық негізгі метрика бойынша инфляцияның өскені байқалды. Жылдық инфляция қыркүйекте 12,9 пайызға дейін қарқын алып (тамызда – 12,2 пайыз), Ұлттық банктің болжамынан асып түскен.
«Азық-түліктің жекелеген санаттары қарқынды түрде қымбаттап келеді. Бұл өндіріс шығындарымен және импорт құнының өсуімен байланысты. Сонымен қатар сервистік инфляция да (15,3 пайыз) реттелетін қызметтердің (30,4 пайыз), сондай-ақ бірқатар нарықтық қызметтің қымбаттауы есебінен айтарлықтай үлес қосты. Жанар-жағармай нарығын ырықтандыру шараларын жалғастыру аясында азық-түлікке жатпайтын инфляция қарқын ала бастады (10,8 пайыз) – отын бағасы бір жылда 11,9 пайызға қымбаттап, қыркүйекте 3,4 пайызға өсті», - делінген хабарламада.
Ұлттық банктің дерегінше, сондай-ақ сыртқы инфляциялық әсер әлі сақталып отыр. Ең алдымен, әлемдік азық-түлік нарықтары жағынан тәуекел күшейе түскен. Соңғы жылдары ет пен өсімдік майы санаттарында баға жағынан рекордтық өсім байқалған. Олардың динамикасы белсенді ішкі экспорт жағдайында ішкі бағалардың өсуіне әсер етеді.
«Инфляцияның айтарлықтай жеделдеуі, жоғары инфляциялық күтулер мен нақты тиімді айырбастау бағамының әлсіреуі жиынтық ақша-кредит шарттарының елеулі түрде жеңілдеуіне және болжамды инфляцияның орнықты төмендеу траекториясынан ауытқуына алып келді.
Осы жағдайларда, инфляцияның нақты деңгейі болжамнан асып түскеніне байланысты ақша-кредит саясатын қатаңдату мақсатында комитет базалық мөлшерлемені арттыру туралы шешім қабылдады», - делінген хабарламада.
Айта кетелік, биыл наурыздан бері базалық мөлшерлеме 16,5 пайыз деңгейінде сақталып келген еді.



