Боччадан Astana 2025 World Boccia Challenger жарысы мәресіне жетті

Бүгін, 19:12
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
views42
Боччадан Astana 2025 World Boccia Challenger жарысы мәресіне жетті
Фото: Қазақстан бочча федерациясынан

22-27 тамыз аралығында Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өткен боччадан халықаралық жарыс аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бес күнге жалғасқан еліміздегі бірінші бәсекеде 12 елден 56 спортшы сынға түсіп, BС1, BС2, BС3, BС4 санаты бойынша жеке, жұптық, командалық сайыс түрлерінде жеңімпаздардың есімдері белгілі болды.

Айтулы додада Қазақстан атынан 10 отандасымыз бақ сынап, өз тарихындағы ең үздік көрсеткішін тіркеді. Жеке сайыс бағдарламасында астаналық Итиана Шингисханова (BС2) мен Балжан Бөлекпаева (BС1) чемпион атанса, Ерхат Алмат (BС1) пен Азамат Аязбаев (ВС4) күміс жүлдені иеленді. Ал Эльмира Мусралиева (ВС4) қола жүлдеге қол созды.

Фото: Қазақстан бочча федерациясынан

Аралас жұптық сайыста да ВС4 санаты бойынша Эльмира Мусралиева мен Азамат Аязбаев Иран (4:3) мен Үндістанды (10:1) қапы қалдырып, алтыннан алқа тақты.

«Бұл сайыс елімізде алғаш рет ұйымдастырылды. Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына рейтингтік ұпай беретін Challenger турнирі жоғары деңгейдегі бәсеке ретінде саналады. Осы орайда жүзден жүйрік шыққан барша жүлдегерлерді құттықтаймын.

Бұл жарыс біздің ұлттық құрамамыз үшін үлкен сын болды. Нәтижесінде олар бар үмітімізді ақтады. Жеке сайыста жерлестеріміз 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль және аралас жұптық сайыста 1 алтын жүлдені еншіледі. Осы көрсеткіш арқылы параспортшыларымыз үлкен белесті бағындырды деп санаймын», - деді Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев.

Жарыстың жабылу салтанатында аралас жұптық бәсекелер бойынша марапаттау өтіп, оларды Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев арнайы құттықтады.

Фото: Қазақстан бочча федерациясынан

Енді параспортшыларымыз қыркүйек айында алғаш рет Оңтүстік Кореяда өтетін әлем кубогына қатысатын болады.