Білімге жол ашқан Ата заң ұрпақтың жарқын болашағының кепіліне айналды - мектеп-лицей директоры

Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің ең басты құжаты. Онда әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтары айқын көрсетілген. Солардың ішінде ұрпақ болашағына ерекше мән беретін баптардың бірі – балалардың тегін орта білім алуға құқығы. Астана қаласы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицей директоры Гүлжан Төлеу мұны мемлекеттің жас ұрпаққа жасаған ең үлкен қамқорлығы әрі ел дамуының берік негізі деп есептейді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, Ата заңда бекітілген осы құқықтың арқасында бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірінде балалар мектепке барып, білім алуға тең мүмкіндікке ие. Бұл игілікті іс Астана қаласындағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінде де жүйелі жүзеге асып жатыр.
«Осы игілікті іске өзіндік үлесін қосып келе жатқан 32 жылдық тарихы бар білім беру ұйымы. Биылғы оқу жылындағы тың жаңалығымыз – мектептің екі ауысымды білім беру тәртібіне көшу қуанышы. Бұл нәтижеге, ең алдымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұлттық жобасы заманауи келешек мектептерінің салынуының арқасында жетіп отырмыз. Қазіргі таңда мектептің жобалық қуатына сәйкес, 3500 оқушымен жаңа оқу жылын бастағалы отырмыз. Олардың жан-жақты дамуына жағдай жасалып, оқу процесін сапалы ұйымдастыру үшін мектеп ғимараты ағымдағы жөндеуден өтіп, оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етіліп, материалдық жабдықтау жүзеге асырылған. Биылғы оқу жылынан бастап жасанды интеллект (ЖИ) бойынша 1-11 сыныптар үшін арнайы курстар басталатын болады.
Сонымен қатар тәрбие жұмыстары да жүйелі жүргізіліп, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиелі азамат болып қалыптасуына назар аударылып отыр. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы бойынша және буллингтің алдын алу бойынша «ДосболLIKE» жобасы аясындағы жұмысымыз жалғасатын болады.
Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында түрлі үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді. Спорттық жарыстар мен пәндік олимпиадалар, ғылыми жобаларға қатысып жүрген шәкірттеріміздің жетістіктері де аз емес. Сондай-ақ бүгінгі күні 200-ге жуық оқушымыз әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға арналған мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай және материалдық қолдауды сезініп отыр», - деді Гүлжан Дәрібайқызы.
Оның айтуынша, Конституцияда көрсетілген қауіпсіз ортада тегін білім алу құқығы – бүгінгі өмірімізде нақты жүзеге асып отырған баға жетпес мүмкіндік. Білімге жол ашу арқылы мемлекет жас ұрпақтың жарқын болашағына айрықша қолдау жасап отыр.



