Қазақстан медициналық туризм әлеуетін арттырады

Бүгін, 18:45
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
views36
Қазақстан медициналық туризм әлеуетін арттырады
Фото: Kazakh Tourism баспасөз қызметінен

Астанада медициналық туризм, денсаулық сақтау және тұрақты даму мәселелеріне арналған форум өз жұмысын бастады, деп хабарлады Elordainfo.kz Kazakh Tourism-ге сілтеме жасап.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстан медициналық және сауықтыру туризмінің өңірлік орталығына айналуға бар жағдай жасалғанын атап өтті. Ол үшін шетелдік пациенттерге қызмет көрсетудің бірыңғай стандарттарын енгізу, клиникалар мен туроператорлар арасындағы байланысты күшейту және елімізді емделу мен оңалтудағы сенімді бағыт ретінде таныту керек.

2023 жылы Астанада ем алған шетелдік пациенттер саны 2022 жылмен салыстырғанда төрт есе, ал 2024 жылы тағы екі есе артты. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстан әлемдік картада медициналық туризмнің жаңа орталығына айналуда екендігіне назар аударды.

Kazakh Tourism Салидат Қайырбекова атындағы ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту  орталығымен медициналық туризмнің бренд-тұжырымдамасын әзірлеу, медициналық мекемелер мен туроператорлардың серіктестігін дамыту және медициналық көрмелерге бірлесе қатысу мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр.

«Кешенді жобаларды тиімді жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Сондықтан біз жұмыс тобын құрып, бірлескен жол картасы аясында жұмыс істейтін боламыз», - деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының м.а. Даниел Сержанұлы.

Медициналық туризмді дамыту мақсатында қос ведомство арасында меморандумға қол қойылды.