Астаналық зейнеткерлер Абай еліне саяхатқа аттанды

Бүгін Астана-1 теміржол вокзалынан Астана қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының 47 зейнеткері Семей қаласы, Жидебай ауылына бағытталған «Абайтану» экскурсиялық турына жолға шықты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астана-1 теміржол вокзалына жиналған зейнеткерлерге Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қатысушысы Орманбек Оразұлы сәтті сапар болсын деген ниетпен бата бергеннен кейін саяхатшылар пойызға жайғасып, қасиетті Абай еліне ат басын бұрды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, экскурсия 28-31 тамыз аралығын қамтитын болады.
«Бүгін Астана қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының 45 зейнеткер Абай еліне жолға шықты. Экскурсия 28-31 тамыз аралығын қамтиды. Олар жоспар бойынша 29 тамыз күні Абай ауданы Жидебай ауылында Күшікбай батырға арналған ескерткіш пен «Еңлік-Кебек» ескерткішіне, М. Әуезов музейіне (Бөрлі қорығы), Сырт-Қасқабұлақ аңғарына, «Абай жолы» паркіне – А. Құнанбаевтың туған жеріне, сондай-ақ Абай Құнанбаевтың үй-мұражайына, Абай-Шәкәрім кесенелер кешеніне және Қ. Оразалин музейіне (Қарауыл ауылы) барып тамашалайтын болады. 30 тамыз күні Семей қаласында Абай Құнанбаевтың әдеби-мемориалдық кешеніне, «Өлімнен күштірек» монументіне және бірқатар музейлерге экскурсия ұйымдастырылады. «Абайтану» экскурсиялық турының мақсаты – әлеуметтік туризмді дамыту, ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылық мұрасымен жақын таныстыру, сондай-ақ мәдени-тарихи орындарға бару арқылы қатысушыларға рухани серпіліс пен жағымды эмоциялар сыйлау», - дейді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының перспективалық даму және әлеуметтік жобалар бөлімінің басшысы Қымбат Тасымова.
Оның айтуынша, бұған дейін зейнеткерлердің алғашқы тобы аталған экскурсияға сәтті барып қайтқан. Турға жалпы саны 91 зейнеткер қатысатын болады. Ұлы ақынның еліне саяхаттаушылардың бірі, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қатысушысы Ләззат Көпжасарованың рухани турды ұйымдастырушыларға дән риза.
«Мен – Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының Есіл ауданы бойынша қатысушысымын. Бізде «Таным» деген орталық, поэзиялық клуб бар. Біз Абайдың, басқа да қазақтың біртуарларының өмірі мен шығармашылығымен жете танысамыз. Жақында Абайдың ескерткішіне барып гүл қойып, ақынның өлеңдерін, қара сөздерін оқыдық. Хакімнен қалған мұра әлі күнге дейін өз өзектілігін жойған жоқ. Міне, осылай әркез ұлылардан қалған құндылықтан нәр алып, рухани кемелденіп, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие ісіне де атсалысып жүрміз. Енді, міне, Абайдың туғанына 180 жыл толуына орай ұлы ақынның туған жеріне бара жатқанымызды ойлап, толқып отырмын. Бізге осындай мүмкіндік беріп отырған мемлекетімізге, маңызды іс-шараны ұйымдастырып отырған Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына зейнеткерлер атынан ризашылығымды айтамын», - деді «Алтын алқа» иегері Ләззат Көпжасарова.
Айта кетейік, орталық бұған дейін «Жетісу» саябағында зейнеткерлерге арналған би кештерін ұйымдастырып, жазғы маусымда таза ауада айкүне, йога, тыныс алу гимнастикасы, скандинавиялық жүру сияқты әлеуметтік жобаларды жүзеге асырған болатын.



