Қазақы ортада түлеген ұлағатты ұстаз Ирина Цой

23 шілде, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақы ортада түлеген ұлағатты ұстаз Ирина Цой
Фото: отбасылық мұрағаттан

"Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға" деп Абай тегін айтпаған. Бала жүрегіне жол тауып, білім мен тәрбие беруді өмірінің мәні еткен ұлағат иелерінің бірі  Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тумасы, ардақты ұстаз – Ирина Цой.

1967 жылы 14 қазанда Сыр өңіріндегі Жаңақорған ауылында дүниеге келген Ирина Иосифқызы – тағдырдың талай өткелінен өтіп, бүгінде абыройлы еңбек етіп жүрген жан. Анасы Юлия Николаевна Жюкина инженер-құрылысшы болса, әкесі Иосиф Иванович №31 орта мектепте әскери жетекші болып еңбек еткен. Әкесінің ұстаздық жолы Иринаның да жүрек қалауына айналды.

Ол 1984 жылы №31 мектепті аяқтаған соң, Полтава сауда училищесінде білім алып, 1986 жылы азық-түлік тауарларының бақылаушы-кассирі мамандығын меңгеріп шығады. Бірақ тағдыр оны сауда емес, балалармен жұмыс істеуге жетеледі.

Алдымен балабақшада тәрбиешінің көмекшісі, кейін мектепте химия зертханашысы болып еңбек жолын бастаған жас маман 1987 жылы Қызылорда қаласындағы №23 мектеп жанындағы педагогикалық бір жылдық курсты тәмамдап, мектепке дейінгі мекеме тәрбиешісі мамандығын игерді.

1994 жылы аға тәлімгер қызметіне қабылданған Ирина Цой 1995 жылдан бастап бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек ете бастайды. Балалардың ішкі әлемін түсініп, білімге жетелеу ол үшін қуаныш әрі өмірлік ұстанымға айналады.

Жоғары білімге деген ұмтылысы оны 1999 жылы М. Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжіне жетелесе, 2004 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Педагогика және психология» факультетін табысты тәмамдайды.

Бүгінде оның еңбек өтілі – 37 жыл. Санаты – жоғары. Ұзақ жылдық тәжірибесі мен білім беру ісіндегі жаңашылдығы үшін бірнеше рет марапаттарға ие болған.

Аяулы ұстаз болумен қатар Ирина Иосифқызы корей этносының мәдениетін таныту жолында да белсенді. Ол түрлі мәдени іс-шараларға, көркем өнерпаздар байқауларына, спорттық жарыстарға қатысады. Волейбол алаңынан бастап сахна төріне дейін белсенділік танытып жүрген жан.

«Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» арнайы ҚХА жобасының іс-шараларына белсене қатысушы. Қазақ тілі мен дәстүріне деген құрметі мен сүйіспеншілігі оны елдік мүдде жолындағы шынайы патриотқа айналдырды. Мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, қазақша ойлайтын этнос өкілі ретінде ол ел бірлігінің жарқын үлгісіне айналған.

Қазақы ортада бойжетіп, қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан Ирина Иосифовна – бүгінде бір қыз, егіз ұл тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Отбасы мен қызметті тең ұстаған өнегелі ана.

Ирина Иосифқызы – этностар арасындағы достық пен өзара сыйластықтың жарқын символы. Қазақ тілін жүрегімен сезінген, ұрпақ тәрбиесіне жан-тәнімен берілген ұстаз ретінде ол елге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді.

Гүлнұр Бақытқызы