Президент инвесторлар құқығын қорғау мәселелеріне ерекше мән берді
Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысында сот және құқық жүйесінде жүргізіліп жатқан жаңғыртулар қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға бағытталғанын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Сонымен қатар Үкімет пен инвесторлардың өзара қарым-қатынасын цифрландыру аясы кеңейіп келеді. Жыл соңына дейін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа толық жұмыс істегенде, жобалардың жүзеге асырылу барысын нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік туады.
Жаңа Салық кодексі машиналар, құрал-жабдықтар және бағдарламалық жасақтамалар сатып алуға жұмсалған шығындарды шегеретін салық преференцияларын бекіту арқылы инвестициялық кезеңді жандандырады.
Еліміз қаржы секторындағы ынтымақтастық аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне ерекше мән береді. АХҚО – әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының озық тәжірибесін меңгерген Орталық Азия өңіріндегі бірегей мекеме.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға, жаңа бастамалар мен нақты жобаларды жүзеге асыруға бағытталған Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелері мен мемлекеттік органдар арасындағы диалогты жалғастырудың маңызына назар аударды.
Жиында Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Ерлан Досымбеков, CNPC вице-президенті Чжан Даовэй, Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов, Alstom компаниясының Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия өңірлері бойынша президенті Эндрю Делеони, «Лукойл» ЖАҚ бас атқарушы директоры Вадим Воробьев сөз сөйледі