Ұлттық банк алаяқтық айланың жаңа түрі шыққанын ескертті

Ұлттық банк алаяқтық айланың жаңа түрі шыққанын ескертті
Фото: Оңалхан Өнерхан

Ұлттық банкі жаңа алаяқтық айла белең алғанын ескертті, онда алаяқтар адамның мобильді құрылғысы мен жеке деректеріне қол жеткізуге әрекет қылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz мемлекеттік қаржы институтының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қаскөйлер азаматтардың телефонын қолға түсіру үшін түрлі психологиялық әдістерді жиі қолданады. Олар, әсіресе, әуежай, теміржол және автовокзал маңы сияқты халық көп жиналатын орынды торуылдайды. Себебі мұндай жерлерде азаматтар асығыс жүретіндіктен, қырағылықты жоғалтып жатады.

Мысалы, алаяқтар «шұғыл қоңырау шалу керек еді» деген сылтаумен көшедегі адамның ұялы телефонын сұрап алуы мүмкін. Бұл – қазір жиі кездесетін тәсілдің бірі. Осы сәтте қаскөйлер банк қосымшалары арқылы ақша аударып үлгеруі немесе құрылғыны қашықтан басқаруға арналған HopToDesk, RustDesk, RuDesktop, AnyDesk, TeamViewer сияқты бағдарламаларды байқатпай орнатып жіберуі ықтимал. 

Мұндай бағдарламалардың көмегімен алаяқтар азаматтың телефонын қашықтан басқаруға мүмкіндік алады. Сөйтіп, заңға қайшы әрекет жасап, SMS-кодқа, мобильді қосымшаларға, мемлекеттік электрондық сервистерге және дербес деректерге оңай қол жеткізеді. 

«Көшеде «тегін фото немесе видео түсіріп беремін» деген желеумен азаматтардың биометриялық деректерін жинайтын алаяқтардың әрекеті де үлкен қауіп төндіріп тұр. Олар өз кәсібін жаңадан бастаған фотограф немесе мобилограф ретінде таныстырып, «портфолио жинап жүрмін» деген сылтаумен қызметін тегін ұсынған болады. Осылайша қолға түскен фото-видеоматериалдарды кейін жасанды интеллект көмегімен дипфейк жасау үшін қолдануы мүмкін. Бұдан бөлек, мұндай материалдар түрлі алаяқтық схемаларда, соның ішінде жақындардан ақша аударуды сұрайтын жалған хабарламаларды тарату үшін де пайдаланылады», делінген хабарламада. 

Осындай алаяқтық әрекеттердің жиілеуіне байланысты Қазақстан Ұлттық банкі азаматтарды барынша сақ болуға шақырады. Бейтаныс адамға телефон бермеген дұрыс. SMS-кодты, банк картасының деректемесі мен басқа да жеке мәліметтерді үшінші тарапқа айтпау керек.