Header Banner

Құқыққа қайшы контент таратқан онлайн-платформалардың жауапкершілігі күшейтіледі

Бүгін, 11:39
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Құқыққа қайшы контент таратқан онлайн-платформалардың жауапкершілігі күшейтіледі
Фото: Magnific.соm

Құрылтай бірінші оқылымда онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері жөніндегі екі заң жобасын, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін түзетулерді мақұлдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Құрылтайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Құжаттар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді.
 
Атап айтқанда, құқыққа қайшы контент таратқан онлайн-платформаларға, сондай-ақ Қазақстан аумағында мұндай контентті жою туралы уәкілетті органның нұсқамаларын орындамаған олардың өкілдіктеріне әкімшілік жауаптылық енгізіледі. Сонымен қатар онлайн-платформалардың өкілдіктері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен есептік тіркеуден өтуге міндетті болады.
 
Бұған қоса, масс-медиа мен онлайн-платформаларда бейәдеп сөздер қолданғаны үшін жауаптылық енгізіледі.
 
Бірқатар түзету бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттеуге бағытталған. БАҚ-тарға мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын таңбалау міндеті жүктеледі. Ал теле-, радиоарналар еркін қол жеткізілетін теле-, радиоарналар тізбесіне енгізілген күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде хабар тарата бастауға міндеттеледі.
 
Бұдан бөлек, «аудиовизуалды платформа» ұғымы енгізіліп, оның операторлары қызметінің тәртібі айқындалады.

Еске салайық, бұған дейін 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіде тіркелуіне тыйым салынатыны туралы жаздық.