Ұрланған малды сойып, етін сатып жіберген: Астана маңында қылмыстық топ ұсталды

Бүгін, 09:45
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views51
Ұрланған малды сойып, етін сатып жіберген: Астана маңында қылмыстық топ ұсталды
фото: polisia.kz

Астана полицейлері қала маңындағы саяжайлардың бірінде жүзеге асқан мал ұрлығын әшкереледі. Тергеу мәліметінше, Ақмола облысының тумасы болып табылатын үш ер адам алдын ала жоспар құрып, мал ұрлығын кәсіби деңгейде жүзеге асырған, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Күдіктілер түнгі уақытта екі бие мен бір сиырды иелерінің ауласынан айдап кетіп, жақын маңдағы орман алқабына жасырған. Із кесуді қиындату мақсатында олар жануарларды сол жерде сойып, етін көлікке тиеп алып кеткен. Кейін ұрланған етті делдалдарға сатып үлгерген.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер сойылған малдың терісін және жолға апаратын іздерді анықтаған. Бейнебақылау камераларындағы жазбалар күдіктілердің тұлғасын және пайдаланған көлікті айқындауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде үш адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында олардың бұрын да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы бар-жоғы анықталады», - деп хабарлады Астана қаласы ПД баспасөз қызметі.