«Бос жатқан жер жау шақырады»: депутат Сайыров шекара маңындағы ауылдардың мәселесін көтерді


Мәжілістің жалпы отырысында депутат бұл маңызды мәселеге жіті назар аударып, оны тиімді шешу жолдарын шұғыл қарастырғанымыз жөн екенін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қазіргі таңда Қазақстанның 14 облысы көршілес 5 елмен (Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстан) шектеседі. Шекаралық аймақтарда 65 аудан бар. Онда 3,5 млн адам тұрады. Ал шекараның түбінде, яғни шекарадан 50 шақырымдық аралықта 1,7 млн. халық тұратын 1 283 елді мекен орналасқан.
Алайда, кезінде жүргізілген аудандарды біріктіру, климаттың қолайсыздығы, жұмыссыздық, көлік қатынасының нашарлығы, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның тозуы, Кеңес Одағы кезінде шекаралық аудандарда халық санын тұрақтандыру үшін қолданылған жеңілдіктердің жойылуы секілді көптеген себептен бүгінде 65 шекара маңындағы ауданның 40-ында халық саны азайып кеткен. Әсіресе, бұл ауа-райы қатаң Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында анық байқалуда.
«Бұл шекаралық аудандарға қатысты көзделген мемлекеттік қолдау тетіктерінің түрлі нормативтік актілерде шашырап кетуіне, оларды үйлестіретін жауапты уәкілетті органның бекітілмеуіне, мемлекеттік субсидияларды бөлуде және ұлттық жобаларды іске асыруда белгілі бір санаттарға нақты басымдықтардың белгіленбегендіктен, шекаралық елді мекендерге берілуі тиіс жеңілдіктер әлі де іс жүзіне аспады.
Соның салдарынан шекаралық аудандардағы бірқатар елді мекендерден тұрғындардың жаппай көшуі толастамай тұр. Бұл өз кезегінде шекара маңындағы аумақтардың бос қалып, ұлттық, аумақтық қауіпсіздіктің әлсіреуіне алып келуде», - деді Е.Сайыров.
Оның айтуынша, еліміздің шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шекаралық аудандарда халықтың тұрақтауын ынталандыру, ішкі көші-қонды реттеу және еңбек ресурстарын тиімді пайдалану үшін шекаралық аудандарға арнайы мәртебе беруді көздейтін «Қазақстан Республикасының шекаралық аумақтарын дамыту туралы» арнайы заң қабылдау өте маңызды.
«Бұл заң қабылданса, ел аумағын тиімді пайдалануға, шекаралық аудандарды мемлекеттік қолдау шараларын бір жүйеге түсіруге, халықтың шекаралық аумақтарда тұрақтануына, өңірдің дамуына және аумақтық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге зор серпін береді деп есептейміз.
Осы ретте, «AMANAT» партиясы жақын арада Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аталған заң жобасын дайындап, ұсынатынын мәлімдейміз», - деді депутат.



